Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Фишингтен сақтану үшін Aitu Passport-ті қалай қауіпсіз пайдалану керек?

Фишингтен сақтану үшін Aitu Passport-ті қалай қауіпсіз пайдалану керек?

31

Пайдаланушылардың қауіпсіздігіне қатысты сұрақтар көбейгендіктен, мамандар Aitu Passport қызметінің қалай жұмыс істейтінін және алаяқтықтан қалай сақтануға болатынын түсіндірді.

Aitu Passport – бірегей авторизация қызметі. Ол бұлттық электрондық цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) арқылы құжаттарды алыстан растауға және қол қоюға мүмкіндік береді. Қызмет бірнеше қауіпсіздік деңгейін қолданады, оның ішінде бет биометриясы арқылы тексеру, ЭЦҚ құпиясөздері және SMS арқылы жіберілетін бір реттік кодтар (OTP) бар. OTP банктік қосымшаларда, онлайн-дүкендерде және жеткізу қызметтерінде кеңінен қолданылады.

Алайда, алаяқтар пайдаланушылардың сеніміне сүйене отырып, бір реттік кодты алу үшін түрлі әдістерді қолданады. Мұндай әрекеттер “фишинг” деп аталады және әлемде пайдаланушыларды алдаудың ең кең тараған тәсілдерінің бірі саналады.

Қылмыскерлер Aitu Passport қызметіне кірмек болып, сіздің телефон нөміріңізді енгізеді. Сол кезде сізге кіру коды бар SMS келеді. Кейін олар өздерін банк немесе мемлекеттік орган қызметкері ретінде таныстырып, кодты сұрауы мүмкін. SMS арқылы келген кодты ешқашан үшінші тұлғаларға бермеңіз. Қоңырау шалушы ресми қызметкер ретінде таныстырса да, код тек сізге арналған, бұл туралы SMS-та да нақты жазылған.

Парақшаңызды қорғау үшін:

  • passport.aitu.io/profile сілтемесі арқылы жеке кабинетке кіріңіз
  • «Парақша» бөліміне өтіп, «Екі факторлы аутентификацияны қосу» батырмасын басыңыз
  • SMS арқылы келген кодты енгізіп телефонды растаңыз
  • Биометриялық тексеруден өтіңіз

Енді жеке кабинетке немесе Aitu қызметіне кіргенде биометриялық тексеру міндетті болады.

Сезімтал операцияларды қорғау:

  • ЭЦҚ алу және құжаттарға қол қою кезінде көпфакторлы аутентификация автоматты түрде қолданылады
  • Бір SMS коды жеткіліксіз, биометриялық сәйкестендірусіз ЭЦҚ шығарылмайды
  • Технология камера алдында тірі адамның тұрғанын, фото немесе маска емес екенін анықтайды
  • Алаяқтықтың алдын алу үшін бет мемлекеттік деректер базасындағы эталонмен салыстырылады

«Біз деректеріңіздің қауіпсіздігін арттыруды жалғастырамыз және пайдаланушылардан мұқият болуды сұраймыз. Тек бірлескен күш-жігер арқылы осындай алаяқтық схемаларды болдырмауға болады», – деп қорытындылады ведомство.