Еуропалық одақта мобильді құрылғылар мен басқа да электронды техникаларды қуаттандыру үшін біркелкі құрылғы қолдануға міндеттейтін жаңа ереже күшіне енді. Бұл жаңалық ресми түрде ЕО-ның баспасөз журналында жарияланды, деп хабарлайды NewTimes.kz агенттігі.
Еуропалық одаққа мүше елдер 2024 жылдың соңына дейін барлық мобильді құрылғылар үшін бірдей қуаттандыру құрылғыларын қолдануға міндетті. Дегенмен, бұл талап портативті компьютерлерге қатысты емес. Олардың жалпы стандартқа көшуі 2026 жылдың 28 сәуіріне дейін аяқталуы керек.
Жаңа ереже бойынша барлық мобильді құрылғыларды қуаттандыру үшін USB-C порты (Type-C деп те аталады) қолданылуы қажет. Бұл стандарт Еуропалық одақ аумағында сатылатын барлық мобильді гаджеттер үшін міндетті болады.
Бұл бастама алғаш рет 2021 жылы Еуропалық кеңес ұсынған. Сол кезде құрылғы өндірушілері жаңа стандарт технологияның дамуын және энергия үнемдеу саласындағы жетістіктерге кері әсер етуі мүмкін екенін ескерткен еді. Алайда, кейінірек Apple жаңа iPhone модельдеріне USB-C қосқышын енгізу туралы шешім қабылдады. Еуропалық одақ құрылғыларды қуаттандыру жүйесін біріздендіру жұмыстарын 2009 жылдан бері жалғастырып келеді.