Еуропалық комиссия (ЕК) жасанды интеллект (ЖИ) саласына €200 миллиард инвестиция тарту бастамасын көтерді. Бұл қаржы Еуроодақ аумағында ЖИ өндірісі мен зерттеулеріне арналған гигафабрикаларды құруға жұмсалады. ЕК басшысы Урсула фон дер Ляйен бұл туралы Парижде өткен жасанды интеллект саммитінде мәлімдеді.
«Мен „InvestAI“ бастамасын іске қосқанымызды қуана хабарлаймын. Біз Еуропада жасанды интеллектіге €200 миллиард инвестиция тартуды мақсат етіп отырмыз. Бұл – әлемдегі ең ауқымды мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобаларының бірі», – деді фон дер Ляйен.
Бұл қаржы жасанды интеллектінің ең күрделі үлгілерін әзірлеу және оны өнеркәсіп пен маңызды салаларда кеңінен қолдану үшін бағытталады. Жаңа гигафабрикалар Еуропаны ЖИ технологияларының жетекші орталығына айналдыруға арналған ірі инфрақұрылымдық жоба болмақ.
ЕО мәлімдемесіне сәйкес, InvestAI бағдарламасы аясында Еуропаның түрлі аймақтарында төрт ірі ЖИ фабрикасы салынады. Олар жасанды интеллектінің ең озық әрі қуатты үлгілерін әзірлеумен айналысады.
Бұл орталықтар медицина, ғылым және басқа да стратегиялық салаларда серпінді технологияларды дамытуға мүмкіндік береді. Әрбір фабрика соңғы үлгідегі 100 мыңға жуық ЖИ чипімен жабдықталады, бұл қазіргі қолданыстағы фабрикалардан төрт есе қуатты болмақ.
Фон дер Ляйеннің айтуынша, бұл бастама зерттеушілер, кәсіпкерлер мен инвесторлардың күш-жігерін біріктіруге жағдай жасайды.
«ЖИ тек бәсекелестікті ғана емес, сонымен бірге ынтымақтастықты да қажет етеді. Біз жасанды интеллект саласын дамыту үшін қауіпсіз орта қалыптастырып, әлемнің түкпір-түкпірінен таланттарды тартуға күш саламыз», – деп мәлімдеді ол.
Бұл бастама Еуроодақтың технологиялық дербестігін нығайтып қана қоймай, ЖИ-дың халықаралық стандарттарын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Егер жоба ойдағыдай жүзеге асса, Еуропа жасанды интеллект саласында әлемдік көшбасшыға айналуы мүмкін.