Еуропалық Одақ (ЕО) жасанды интеллектіні (ЖИ) реттеу ісінде жаңа кезеңге қадам басты. Бірнеше күн бұрын ЖИ туралы заңның алғашқы талаптарын сақтау мерзімі күшіне енді. Бұл құжат – технологияны қолданудағы қауіп-қатерлерді бағалап, шектеу қоятын алғашқы заңнамалық негіз. Заң аясында адам құқықтарына қауіп төндіретін кейбір ЖИ жүйелерін пайдалануға тыйым салынған. Олардың ішінде әлеуметтік рейтинг жүйесі (scoring) мен адамның санасына жасырын әсер ететін әдістер бар. Мұндай технологиялар қоғамда кемсітушілікке жол ашуы немесе адам мінез-құлқына жасырын түрде ықпал етуі мүмкін.
Сейсенбі күні Еуропалық комиссия ЖИ әзірлеушілері мен компанияларға арналған арнаулы нұсқаулық жариялады. Құжат ЕО заңнамасына сәйкес тыйым салынған технологияларды қолдануға жол бермеу үшін қандай талаптарды сақтау керектігін түсіндіреді. Егер компаниялар заңды бұзса, олар аса ірі айыппұл төлейді: жаза мөлшері 35 миллион еуроға дейін жетуі мүмкін немесе ұйымның жаһандық айналымының 7%-ы алынады (қайсысы көп болса, соны қолданады).
ЖИ-ді реттеудегі жаңа қадам
Еуропалық комиссия бұл құжаттың мақсаты – ЖИ туралы заңды барлық мемлекеттерде бірізді әрі тиімді қолдану екенін атап өтті. Дегенмен бұл нұсқаулықтың заңды күші жоқ, яғни нақты шешімді ЕО елдерінің реттеуші органдары мен соттары қабылдайды.
Комиссияның мәлімдеуінше, құжатта заң талаптарына қатысты құқықтық түсініктемелер мен нақты мысалдар берілген. Бұл қадам ЕО-ның жасанды интеллектіні қауіпсіз және әділ пайдалану стандарттарын қалыптастыруға деген ұстанымын көрсетеді.
Қазіргі уақытта заңнамалық құжаттың алғашқы нұсқасы Еуропалық комиссияның сайтында жарияланған. Алайда бұл тек жоба түріндегі құжат, себебі оны ЕО-ның барлық ресми тіліне аудару процесі әлі аяқталған жоқ.
ЖИ туралы заң 2024 жылы күшіне енгенімен, оның толық орындалуы бірнеше кезеңмен іске асады. Келесі айлар мен жылдар ішінде жаңа талаптар енгізіліп, заң нормалары жетілдіріледі. Ал ЕО елдері бұл заңның орындалуын бақылайтын ұлттық органдарды тағайындауы тиіс. Оларға қойылған соңғы мерзім – 2025 жылдың 2 тамызы.
Сарапшылар нұсқаулықтың жариялануын ЕО-ның жасанды интеллектіні реттеуге бағытталған маңызды қадамы деп бағалайды. Алайда заңның тиімді орындалуы үшін әлі де ауқымды жұмыстар атқару қажет. Еуропада ЖИ технологияларымен жұмыс істейтін компанияларға жаңа талаптарға мұқият мән беріп, өз қызметін заңға сәйкестендіру ұсынылады. Әйтпесе, олар айыппұлға ұшырауы мүмкін.
ЖИ-ді реттеу мәселесі Еуропада ғана емес, бүкіл әлемде өзекті болып отыр. ЕО қабылдаған жаңа шаралар жасанды интеллектінің қауіпсіз әрі әділ қолданылуын қамтамасыз етуге бағытталған маңызды бастамалардың бірі саналады.