Home Технологиялар Ғаламтор және желі ЕО АҚШ пен Қытайға тәуелділікті азайту үшін жеті AI орталығын іске қоспақ

ЕО АҚШ пен Қытайға тәуелділікті азайту үшін жеті AI орталығын іске қоспақ

14

АҚШ пен Қытайға цифрлық тәуелділіктің күшеюіне қатысты алаңдаушылық артып отырған тұста Еуропалық одақ жасанды интеллектке арналған жеті ірі есептеу орталығын салуды жоспарлап отыр. Бұл мақсатқа Еуропалық комиссия шамамен 5 млрд еуро бөледі, жобаға қатысушы ЕО-ға мүше мемлекеттер тағы 5 млрд еуро салмақ. Қалған 20 млрд еуроны жеке инвесторлар тартуы тиіс.

Еуропалық комиссия Еуропада жасанды интеллектке арналған жеті ірі есептеу орталығын салу жөнінде тендер жариялады. Брюссель озық жасанды интеллект үлгілерін оқытуға қажетті дербес инфрақұрылым қалыптастырып, бұл бағытта алға шыққан елдермен арадағы алшақтықты қысқартуға асығып отыр.

Жасанды интеллектке арналған мұндай ірі есептеу орталықтары келесі буын технологияларын оқытуға бағытталған соңғы үлгідегі, арнайы міндеттерге бейімделген жоғары өнімді чиптермен жабдықталады. Атап айтқанда, олар триллиондаған дерек бірлігін өңдеуге қабілетті ең озық ірі тілдік үлгілерді үйретуге пайдаланылмақ.

Бұл қадам Еуропалық одақтың технологиялық дербестігін нығайтуға бағытталған ауқымды саясаттың бір бөлігі саналады. Оның негізгі мақсаты бұлттық қызметтер мен чиптерді шетелдік жеткізушілерден алу тәуелділігін азайту.

Экономика мен әскери салада елеулі өзгерістерге жол ашуы мүмкін барған сайын қуатты жасанды интеллект үлгілерін әзірлеу жөніндегі жаһандық бәсеке оларды іске қосуға қажетті инфрақұрылымды жедел дамытуға түрткі болды. Қазір АҚШ пен Қытайда деректер орталықтарын салуға бағытталған ауқымды жобалар белсенді жүзеге асырылып жатыр.

Осыған жауап ретінде Еуропалық комиссияның төрағасы Урсула фон дер Ляйен 2025 жылғы ақпанда Парижде өткен AI Action саммитінде Еуропада жасанды интеллектке арналған ірі есептеу орталықтарын салу жоспарын жариялады. Ол бұл бастама арқылы Женевадағы Еуропалық ядролық зерттеулер ұйымының (CERN) жетістігін қайталауды көздейтінін айтты.

Бастамаға технологиялық сала өкілдері үлкен қызығушылық танытты. Жобаны іске асыруға алдын ала өтінім беруге 76 компания ниет білдірді.

Мұндай ауқымды инфрақұрылымдық жобалар бұған дейін де сынға ұшыраған. Себебі олар көбіне қаржы мүмкіндігі жоғары мүше мемлекеттерге көбірек артықшылық береді деген пікір бар.

Германия, Италия, Франция, Польша, Чехия, Дания, Финляндия, Грекия, Португалия және Испания өз аумағында осындай есептеу орталықтарын орналастыруға қызығушылық білдірді. Жобалар жеке мемлекеттердің бастамасымен де, бірнеше ел бірігетін консорциум түрінде де жүзеге асуы мүмкін. Франция өз жобасын дербес іске асыруға ниетті екенін бұған дейін-ақ аңғартқан.

Тағы бір жиі айтылатын сын Еуропалық одақ технологиялық тұрғыдан дербес инфрақұрылым құруға ұмтылғанымен, жасанды интеллект жүйелеріне арналған арнайы чиптерді шетелдік өндірушілерден алуға әлі де тәуелді дегенге саяды.

Осыған байланысты Еуропалық комиссия үш чип өндіруші компаниямен, атап айтқанда Nvidia, AMD және Qualcomm-мен өзара түсіністік туралы меморандумдарға қол қойды. Өтінімдерді бағалау талаптарының арасында жекелеген жеткізушілерге шамадан тыс технологиялық тәуелділіктің алдын алу шаралары да қарастырылған.

«Еуропаның есептеу мүмкіндіктерін арттырғымыз келетіні анық. Алайда жасанды интеллектті дәл қазір дамытуымыз қажет екенін де мойындауымыз керек. Сондықтан мұнда дұрыс тепе-теңдікті табу маңызды», – деді Еуропалық одақтың жоғары лауазымды өкілі.

Байқауда жеңіске жеткен жобалар бойынша құрылыс жұмыстары 2027 жылдың басында басталуы тиіс. Ал жаңа нысандарды пайдалануға беру 2028 жылдың ортасына жоспарланған.

Euronews