Ғалымдардың жаңа зерттеуі тежегіш қалыптарынан шыққан шаң дизель қозғалтқыштарының шығарындыларынан да зиянды болуы мүмкін екенін көрсетті.
Бұрын электр көліктері экологиялық тұрғыдан қауіпсіз көлік ретінде қарастырылса, соңғы деректер бұл пікірді қайта қарауға мәжбүрлейді. Саутгемптон университетінің ғалымдары тежегіш жүйесінен бөлінетін шаңның адам денсаулығына қалай әсер ететінін зерттеген. Нәтижесінде, тежегіш қалыптарының кейбір түрлері дизель қозғалтқыштарының түтінінен де зиянды болуы мүмкін екені анықталды.
Электр көліктері кинетикалық энергияны қайта өңдеу технологиясын қолданады, бұл тежегіштерді сирек пайдалануға мүмкіндік береді. Дегенмен, аталмыш көліктердің салмағы дәстүрлі жанармаймен жүретін көліктерге қарағанда ауыр болғандықтан, тежелу кезінде бөлінетін шаң мөлшері арта түседі.
Зерттеу барысында әртүрлі тежегіш қалыптарының өкпе денсаулығына әсері қарастырылған. Олардың қатарына аз металды, жартылай металды, асбестсіз органикалық және керамикалық гибридті қалыптар кірді.
Көп жағдайда органикалық өнімдер қауіпсіз деп қабылданады. Алайда зерттеулер көрсеткендей, асбестсіз органикалық тежегіш қалыптары өкпенің қабынуына себеп болып, тіпті дизель түтінінен де улы болуы мүмкін.
Бұл қалыптар АҚШ-та кеңінен қолданылады, себебі олар арзан, дыбыссыз жұмыс істейді және тозу жылдамдығы төмен. Бастапқыда олар құрамында асбест бар тежегіштердің баламасы ретінде жасалған еді. Асбест жылу өткізгіштігі жоғары болғанымен, оның қатерлі ісік пен өкпе ауруларын тудыру қаупіне байланысты қолданылуына шектеу қойылған.
Асбесттің орнына қазіргі тежегіштерде мыс талшықтары пайдаланылады. Олар жылуды тиімді таратуға көмектескенімен, зерттеулер мыс шаңының өкпе обыры, астма және созылмалы тыныс жолдары ауруларымен байланысы бар екенін көрсетіп отыр.
Бұл зерттеу лектр көліктерінің толық экологиялық қауіпсіз деп санайтын көзқарасқа күмән келтіріп, тежегіш жүйелерінің де адам денсаулығына әсерін қайта қарау қажеттігін айқындайды.