Home Робот пен дрондар,ЖИ Дотком дәуірі қайталануы мүмкін бе? ЖИ нарығына қатысты алаңдаушылық күшейді

Дотком дәуірі қайталануы мүмкін бе? ЖИ нарығына қатысты алаңдаушылық күшейді

10

Массачусетс технологиялық институтының сарапшылары компанияларда жасанды интеллектіні (ЖИ) енгізу тәжірибесін зерттеп, күтпеген нәтижелерге қол жеткізді. Олар 300-ге жуық жобаға талдау жасап, 150 қызметкерден сұхбат алған.

Зерттеу қорытындысы бойынша, тек 5% жобалар ғана кірісті айтарлықтай өсірсе, қалған 95%-ының бизнеске пайдасы шамалы болған.

Мамандардың айтуынша, ЖИ ең тиімді нәтиже беретін сала – құжат айналымы мен қайталанатын операцияларды автоматтандыру. Ал көптеген компания күрделі маркетингтік жүйелерге қыруар қаржы құйып, қателікке бой алдырады. Мұндай жобалардың көбі күткен нәтижені бермейді. Есесіне, арнайы жеткізушілермен серіктестік орнатқан бастамалардың жартысына жуығы сәтті аяқталған.

Бұл жағдайға OpenAI басшысы Сэм Альтман да алаңдаушылық білдірді. Ол жасанды интеллект төңірегіндегі шамадан тыс қызығушылық пен асыра бағалауды «нарықтағы жалған өсім» деп сипаттап, бұл сөзді небәрі 15 секунд ішінде үш мәрте қайталады.

Альтманның айтуынша, бүгінде кейбір стартаптар тек әдемі презентация арқылы жүздеген миллион доллар инвестиция тартып отыр. Компаниялардың құны негізсіз қымбаттап, жағдай 2000-жылдардағы «дотком дәуірін» еске түсіреді. Ол кезде Nasdaq индексі екі жылдың ішінде шамамен 80%-ға құлдыраған еді.

ЖИ нарығындағы осындай жағдайға қатысты Alibaba негізін қалаушы Джо Цай, танымал инвестор Рэй Далио және Apollo Global Management компаниясының бас экономисі Торстен Слок та ескерту жасаған. Слоктың пікірінше, бүгінгі ЖИ-дің жасанды өсуі дотком дәуіріндегіден де қауіпті болуы ықтимал.