OpenAI компаниясы ChatGPT платформасына онлайн тапсырыс беру қызметін енгізуді жоспарлап отыр. Жаңа функция арқылы пайдаланушылар чаттың өзінде-ақ тауар сатып ала алады, ал компания әрбір транзакциядан комиссия алып табыс табуды көздейді. Осылайша, компания табысын тек ақылы нұсқамен шектемей, енді электронды сауда арқылы да көбейте алады.
OpenAI-дің бұл қадамы Google-дің онлайн іздеу мен жарнама саласындағы үстемдігіне тікелей бәсеке болмақ. Себебі бүгінде тұтынушылардың көбі тауар іздеуде дәстүрлі іздеу жүйелерін емес, ChatGPT-ті пайдалана бастады.
Қазірдің өзінде ChatGPT пайдаланушыларға түрлі өнімдерді ұсынып, оларды интернет-дүкендерге сілтеме арқылы бағыттайды. Биылғы сәуірде OpenAI Shopify платформасымен серіктестік орнатқанын мәлімдеген. Бұл компанияның электронды сауда бағытына бет бұрған алғашқы қадамы еді.
Қазір OpenAI келесі кезеңге өтуді жоспарлап отыр. Жақында ChatGPT арқылы бірден тапсырыс беру мүмкіндігі іске қосылады. Дереккөздердің мәліметінше, бұл жүйені пайдаланатын сатушылар әрбір сатып алу операциясынан OpenAI-ге комиссия төлеп отырады.
Қазіргі уақытта бұл функция сынақ кезеңінде. Дегенмен OpenAI мен Shopify кейбір брендтерге бастапқы үлгілерді көрсетіп, қаржылық шарттарды талқылауға кіріскен. Shopify бұрыннан TikTok секілді платформаларға ендірілген тапсырыс беру құралдарын ұсынып келеді.
Техникалық тұстары толық ашыла қоймағанымен, ChatGPT пайдаланушының бұрынғы әрекеттерін ескеріп, іздеуге қатысты жекелендірілген ұсыныстар беретін жүйе негізінде жұмыс істейді. Алдағы уақытта жүйе баға мен жеткізу шарттарын да есепке алатын болады. Бұл арада компаниялар AIO (Artificial Intelligence Optimization) , яғни жасанды интеллектіге бейімделген контент жасау тәжірибесін меңгере бастаған. Бұл дәстүрлі SEO-ның жаңа түрі деуге болады, тек ол генеративті ЖИ-дің жұмыс істеу логикасына сай құрылады.
OpenAI үшін бұл — стратегиялық бағыттың өзгерісі. Құны 300 миллиард долларға бағаланғанымен, компания әлі де пайда әкеле қойған жоқ. Бұған дейін негізгі табыс көзі — ChatGPT Plus жазылымы болса, енді технология әлеміне тән тағы бір модель қосылып отыр: саудадан комиссия алу.
Электронды сауданың ChatGPT арқылы іске асуы Google-дің іскерлік үлгісіне қысым түсіріп отыр. Пайдаланушылар ақпарат пен тауарды іздеуде чат-боттарға жүгінген сайын, жарнамаға бөлінетін бюджет үлесі де қайта қаралуы мүмкін. Бұл өз кезегінде электронды саудадағы күштер теңгерімін өзгертуі ықтимал.