Биотехнология саласында жұмыс істейтін R3 Bio стартабы өмір сүру ұзақтығын арттыруға бағытталған батыл әрі даулы тұжырымдамасын жариялады. Компания адам ағзаларын алмастыру мақсатында санадан айырылған биологиялық денелерді өсіру мүмкіндігін қарастырып отыр. Бұл жүйелер болашақта ағза доноры ретінде немесе тұтас ағзаны алмастырудың баламасы ретінде пайдаланылуы ықтимал. Әзірге бастама теориялық деңгейде қалып отыр, алайда ол ғылыми қауымдастық пен инвесторлар арасында қызу талқылана бастады.
MIT Technology Review мәліметінше, стартап көп жыл бойы жабық форматта жүргізген зерттеулерінен кейін санасыз клон денелер тұжырымдамасын алғаш рет көпшілікке таныстырған. Сонымен қатар компания маймылдарға арналған осындай биологиялық жүйелерді жасау жоспарын да жария етті.
Жобаның негізінде миы толық қалыптаспаған, бірақ ішкі ағзалары дамыған биологиялық құрылымдар жасау идеясы жатыр. Мұндай денелерде сана болмайды, сондықтан олар ауырсынуды сезбейді деп болжанады. Әзірлеушілер бұл тәсіл этикалық тәуекелдерді азайтуы мүмкін деп санайды.
Компанияның пайымынша, мұндай технология донор тапшылығы мәселесін шешіп, қартаюды емдеу тәсілдерін қайта қарауға жол ашады. Дегенмен сарапшылар бұл бағытта күрделі ғылыми және моральдық кедергілер бар екенін ескертеді.
Технологиялық тұрғыдан жоба ағзаны бағаналы жасушалардан өсірумен қатар, ми дамуын шектеуді көздейді. Атап айтқанда, ми қыртысы қалыптаспайтын, бірақ ағзаның негізгі тіршілік қызметтерін қамтамасыз ететін ми бағаны сақталатын құрылым жасау қарастырылуда. Мұндай жағдайда ішкі ағзалар толыққанды дамуы мүмкін деген болжам бар.
Алғашқы кезеңде стартап технологияның қолданбалы бағытына назар аударып отыр. Компания ең алдымен жануарларға, әсіресе маймылдарға арналған ұқсас жүйелерді әзірлеуді жоспарлаған. Мұндай модельдер адам физиологиясын жекелеген ағзалар мен тіндерге қарағанда дәлірек бейнелеуге мүмкіндік береді.
Соған қарамастан, зерттеу материалдары жобаның ұзақ мерзімді мақсаты әлдеқайда кең екенін көрсетеді. Ішкі талқылауларда мұндай денелерді нақты бір адамға толық үйлесетін донор ретінде пайдалану мүмкіндігі қарастырылған. Болашақта бұл жекелеген ағзаларды алмастырумен қатар, миды жаңа денеге көшіру сияқты радикалды шешімдерге де жол ашуы ықтимал.
R3 Bio компаниясы санасыз адам клондарын жасау жоспары бар деген пікірлерді ресми түрде жоққа шығарады. Алайда технология дамуының ықтимал бағыттары ретінде мұндай сценарийлердің қарастырылып отырғанын жоққа шығармайды.
Ғылыми орта бұл бастамаға сақтықпен қарайды. Сарапшылар тұжырым мен оны тәжірибеде жүзеге асыру арасындағы алшақтық әлі де үлкен екенін айтады. Қазіргі технологиялар деңгейінде толыққанды адам денесін өсіру мүмкін емес, оның өміршеңдігін сақтау да күрделі мәселе. Сонымен қатар мұндай ағзаларды дамытуға қажетті жасанды жатыр технологиясы да әзірге қолжетімді емес. Бұған қоса, жобаның этикалық қырына қатысты сын-пікірлер де көп.
Қазіргі уақытта жоба бастапқы кезеңде тұр және адамға қатысты нақты нәтижелер жарияланған жоқ. Стартап негізін қалаушы Джон Шлоендорн инвесторлар қатарында Тим Дрейперді, сингапурлық Immortal Dragons қорын және LongGame Ventures компаниясын атады. Immortal Dragons өкілі Боян Ван 2024 жылы жобаға 500 мың доллар инвестиция салғанын растағанымен, толық дене трансплантациясын ғылыми тұрғыдан әлсіз әрі тәжірибелік тұрғыда тиімсіз деп бағалады.
Компанияның алдағы жұмысы туралы ақпарат әзірге шектеулі. Ресми деректерге сәйкес, R3 Bio жасушалық қайта бағдарламалау, бағаналы жасушаларға негізделген жүйелер және заманауи талдау әдістерін пайдалана отырып, ғылыми зерттеу платформаларын әзірлеумен айналысып жатыр. Негізгі мақсат – биомедициналық зерттеулерде жануарларға тәуелділікті азайту.












