Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанның ÚKI цифрлық инвестициялық монетасы халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды

Қазақстанның ÚKI цифрлық инвестициялық монетасы халықаралық сарапшылардың жоғары бағасына ие болды

10

Мобильді TABYS қосымшасы енді тек нумизматтарға ғана емес, кең ауқымды пайдаланушыларға да қызықты болмақ. Қазақстан Ұлттық Банкі ÚKI цифрлық инвестициялық монетасы жобасын Берлинде өткен World Money Fair дүниежүзілік ақша көрме-конференциясында таныстырды. Халықаралық сарапшыларға жобаның негізгі ерекшеліктері мен іске асырылу барысы ұсынылды, деп хабарлайды Қасиетті Қазақстан порталы Ұлттық Банктің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

World Money Fair – жыл сайын әлемнің орталық банктерін, теңге сарайларын, монета өндірісімен айналысатын компанияларды, дизайнерлер мен ірі нумизматикалық басылымдарды біріктіретін ең ірі нумизматикалық алаң. Қазақстан Ұлттық Банкі бұл шараға 2000 жылдан бері тұрақты түрде қатысып келеді.

«Көрме қатысушылары ҰKI инвестициялық монетасының инновациялылығын, қаржылық сауаттылыққа бағытталуын, жоғары сапасы мен ерекше дизайнын жоғары бағалады», – деп мәлімдеді Ұлттық Банк.

Еске сала кетсек, бұған дейін Қазақстан Ұлттық Банкі ұлттық валюта – теңге күніне орай 2025 жылдың І тоқсанында «Цифрлық инвестициялық монета» жобасын іске қосатынын хабарлаған болатын. Монетаның бірегей тұжырымдамасын Ұлттық Банктің дизайнерлері әзірлеген.

Жоба аясында алтын инвестициялық монеталарды онлайн сатып алу және сату мүмкіндігі ұсынылады. Монетаның цифрлық баламасының құны Лондон бағалы металдар нарығы қауымдастығының (LBMA) алтын бағасына, сондай-ақ Ұлттық Банк белгілеген доллар/теңге айырбас бағамына негізделіп есептеледі.

ÚKI цифрлық инвестициялық монеталарын сатып алу, сату, сыйға тарту немесе жеткілікті мөлшерде жинақталған жағдайда физикалық алтын монетаға айырбастау мүмкіндігі «TABYS» мобильді қосымшасында қолжетімді болмақ. Бұл қызметті Astana International Exchange (AIX) биржасы жүзеге асырады.

Жобаға арнайы 999,9 сынамалы алтыннан жасалған, 100 теңге номиналындағы, салмағы 31,1 грамм болатын эксклюзивті дизайндағы инвестициялық монета әзірленді. Монета көшпенділердің «Тотемдік жануарлар» коллекциялық сериясы стилінде жасалған және тек «TABYS» қосымшасы арқылы сатып алуға болады.