Бүгінде жасанды интеллект маркетингте тек болашаққа арналған жаңа бағыт емес, күнделікті қолданылатын құралға айналды. Банктер, интернет-дүкендер мен мемлекеттік қызметтер оны клиентпен байланыс орнату, ұсыныстар жасау және коммуникацияны жеңілдету үшін пайдаланады.
Бірнеше жыл бұрын аудитория жасанды интеллектігше сақтықпен қараса, қазір жағдай өзгеше. Жастар ұсыныстарды таңдайтын сервистерді, чат-боттар мен генеративті құралдарды еркін пайдаланады. Дегенмен, қазақстандықтардың басты талабы – ақпараттың ашықтығы мен нақты пайдасы.
Calltouch сарапшыларының айтуынша, сенім тек алгоритмдер нақты көмек көрсеткенде қалыптасады. Мысалы, тарифті таңдау, сәйкес тауар ұсыну немесе бөліп төлеу шарттарын түсіндіру кезінде. Ал егер жасанды интеллект қызметті мәжбүрлеп ұсынумен шектелсе, кері әсер байқалады. Бұл пайдаланушыларда тітіркену мен сенімсіздік тудырады.
Ең тиімді форматтар
Нативті жарнама мен жеке ұсыныстар
Қазақстандықтар контентке табиғи енетін, ақпарат ағымынан бөлінбейтін жарнаманы оң қабылдайды. Алгоритмдер нақты тауар немесе қызмет ұсынса, бұл қысым емес, көмек ретінде қабылданады.
Чат-боттар мен дауыс көмекшілері
Интернет-дүкендер мен банктік қосымшаларда чат-боттар мен дауыс көмекшілері кеңінен қолданылады. Пайдаланушылар бұл құралдардың сенімділігін олардың жұмыс сапасына байланысты бағалайды. Егер бот тек алдын ала дайын жауаптарды қайталаса немесе мәселелерді толық шеше алмаса, сенім төмендейді. Ал нақты сұраққа нақты жауап беріп, клиенттің мәселесін шешетін құралдар жоғары бағаға ие болып, пайдаланушылардың адалдығын арттырады.
Интерактивті форматтар
ЖИ көмегімен жасалған квиздер, тестер және AR-маскалар ең алдымен жастарға қызық. Бұл ойын ретінде қабылданады, ал бренд үшін адалдық пен қызығушылыққа қосымша мүмкіндік береді.
Жеке хаттар мен хабарламалар
Жасанды интеллект абоненттің мүддесіне сай тақырып пен ұсынысты таңдап, жеке хабарламалар жібереді. Мұндай тәсіл жалпы таралатын жаппай хаттардан тиімдірек саналады. Ең бастысы – мазмұн мен пайда арасында тепе-теңдікті сақтау. Хабарлама нақты ақпарат беріп, клиентке көмектесу керек, тек сату мақсатында ғана жіберілмеуі тиіс.
Сенімділікті төмендететін факторлар
Кейбір форматтар керісінше, күмән тудырады. Мысалы, танымал тұлғалардың келісімінсіз deepfake-контент қолдану алдаушылық ретінде қабылданады. Немесе агрессивті ретаргетинг – жарнаманың барлық платформаларда пайдаланушыны «қууы». Сарапшылар мұнда тек нәтижеге ғана емес, өзара әрекет сапасына мән берудің маңызды екенін айтады.
Қазақстандықтар қарапайым, пайдалы және қысымсыз форматтарды таңдайды. Нақты құнды ұсыныстар көп болған сайын сенім деңгейі артады. Сол себепті нативті, жеке және интерактивті құралдар қазіргі таңда ең тиімді нәтиже көрсетіп отыр.
Болашақта нарық агрессивті тәсілдерден гөрі ашық әрі этикалық ЖИ жарнамасына бет бұрады. Бұл брендтерге тек сатуға емес, ұзақ мерзімді сенім орнатуға мүмкіндік береді. Технологиялар сенімді арттырады, оны төмендетпейді.












