Қазақстанда Еуразиялық экономикалық одақтың кеден заңнамасына енгізілген өзгерістер күшіне енді. Бұл түзетулер интернет арқылы жасалатын сатып алуларды жеке санатқа бөліп, оларды электрондық сауда аясында реттеуді көздейді.
Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, бұдан былай шетелдік маркетплейстерден сатып алынған тауарлар жеке пайдалануға арналған өнім ретінде қарастырылмайды. Олар ресми түрде электрондық сауда тауарлары санатына көшіріліп, міндетті кедендік рәсімдеуден өтетін болады.
Атап айтқанда, мұндай тауарлар электрондық сауда тауарларына арналған арнайы декларация арқылы рәсімделеді. Бұл жаңа үлгідегі құжат кедендік бақылауды жүйелеуге және тауар қозғалысының ашықтығын арттыруға бағытталған.
Сонымен бірге қарапайым сатып алушылар үшін сәлемдемені алу тәртібі күрделенбейді. Кедендік рәсімдердің барлығын жеткізуші компаниялар өздері жүзеге асырады, ал тұтынушыға қосымша әрекет жасаудың қажеті жоқ.
Қаржылық талаптарда бірқатар өзгеріс бар. Егер тапсырыстың құны 200 еуродан асса, оған 5 пайыз көлемінде кедендік баж салығы қосылады. Бұл ретте бір килограмм үшін кемінде 1 еуро төленуі тиіс деген талап сақталады. Осылайша, есептеу кезінде тауардың құны немесе салмағы бойынша шыққан сомалардың қайсысы жоғары болса, сол мөлшерде төлем алынады. Бұған қоса, 16 пайыз көлемінде қосылған құн салығы төлеу міндеті енгізіледі.
Сондай-ақ бұрын қолданылған 31 килограммдық салмақ шегі толықтай алынып тасталды. Бұл ауыр жүктерді жеткізу үдерісін жеңілдетіп, логистиканы оңтайландыруға мүмкіндік береді.
Дарья МАКСИМОВА












