Қазақстандық мектеп оқушылары Бейжіңде 2–9 тамыз аралығында өткен Халықаралық жасанды интеллект олимпиадасында (IOAI 2025) айрықша нәтижеге қол жеткізді. Жас дарындар үш алтын, бір күміс, үш қола медаль жеңіп алып, ұйымдастыру комитетінің арнайы грамотасымен марапатталды.
Зияткерлік додаға 61 елден 77 команда қатысты. Қазақстан намысын екі құрама қорғады. Алтын жүлдеге Қасымхан Жәнібек, Әбу Қанабек және Сұлтанби Исатай лайық деп танылды. Күмісті – Аушахман Тәлім, қоланы – Тимур Шакуов, Даужан Бекетов пен Сұлтанбек Сары еншіледі. Сонымен қатар Батыр Ерденовке қазылар алқасы құрмет грамотасын табыстады.
Жалпыкомандалық есепте Қазақстан алтын медаль саны бойынша Польша, Үндістан және Вьетнаммен бірге екінші орынды бөлісті. Көшбасшылықты алты алтын иеленген Ресей құрамасы алды. Олимпиада барысында қатысушылар машиналық оқыту, бейне мен сурет генерациясы, табиғи тілді өңдеу, компьютерлік көру сияқты ІІ саласындағы күрделі тапсырмаларды орындады.
Жас қазақстандықтардың дайындығы Astana Hub халықаралық инновациялық кластерінің қолдауымен өтті. Ал оқу-жаттығу мен сапарды Қазақстан спорттық бағдарламалау федерациясы (CPFED) ұйымдастырды.
IOAI 2025 олимпиадасындағы жетістік – жас буынның табандылығы мен жаттықтырушылар еңбегінің, сондай-ақ ата-аналардың қолдауы мен білім беру бастамаларының нәтижесі. Бұл жеңіс Қазақстанның жасанды интеллект саласында халықаралық деңгейде ықпалын арттырып келе жатқанын тағы бір мәрте дәлелдеді.