Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда жасанды интеллект арқылы төлем жасау жүйесі қалыптасуы мүмкін

Қазақстанда жасанды интеллект арқылы төлем жасау жүйесі қалыптасуы мүмкін

7

Қазақстанның қаржылық инфрақұрылымы төлемдерді, соның ішінде трансшекаралық есеп айырысуды барынша жеңілдету бағытында дамып келеді. Бұл туралы Astana Finance Day-2026 алаңында өткен қаржы инфрақұрылымының болашағына арналған пікірталас барысында сарапшылар айтты, деп хабарлайды LS.

Ұлттық төлем корпорациясы бас директорының орынбасары Әсел Марченконың айтуынша, банктер арасындағы QR төлемдердің енгізілуі қаржы операцияларын жүзеге асыру тәсілін түбегейлі өзгертті. Қазір клиент әр банкпен жеке келісім жасамай-ақ, өзінің банк қосымшасы арқылы төлем жасай алады. Оның пікірінше, ұлттық қаржылық инфрақұрылым барлық қатысушыға ортақ негіз қалыптастыруы керек. Ал банктер осы ортақ жүйеге сүйене отырып, клиенттерге арналған жаңа қызмет түрлерін дамытуы қажет.

«Болашақта жасанды интеллект арқылы жүзеге асатын төлемдер пайда болады деп ойлаймын. Әрине, мұндай төлемдерге қатысты ережелер мен шектеулерді заңнамада нақтылау қажет. Бірақ мұндай жүйелердің қалыптасатынына сенемін. Мысалы, болашақта тоңазытқыш үйдегі азық-түлік қоры азайғанын анықтап, қажетті өнімдерді өздігінен тапсырып, ақысын автоматты түрде төлей алады. Бұл адамның уақытын үнемдейді. Ал келешекте уақытты үнемдейтін кез келген технологияның маңызы арта түседі. Мен болашақтағы жүйені осылай елестетемін», – деді ол Astana Finance Day-2026 барысында.

Әсел Марченконың айтуынша, бірыңғай цифрлық экожүйе бір-бірімен тығыз байланысты көптеген элементтен тұрады. Олардың әрқайсысы нақты міндеттерді атқарады.

«Қазір алаяқтыққа қарсы тетіктер, қаржы нарықтарына шығу мүмкіндігі, цифрлық теңге, сәйкестендіру, келісім беру, деректер алмасу сияқты түрлі бағыттар дамып жатыр. Қаржылық инфрақұрылым туралы сөз болғанда, ең маңыздысы – осы элементтердің бір-бірімен қаншалықты үздіксіз жұмыс істейтіні. Яғни мәселе тек бірыңғай платформа құруда емес, әртүрлі мамандандырылған платформалардың өзара үйлесімді жұмыс істеуінде. Бұл әлдеқайда маңызды.

Сонымен қатар мұндай жүйелердің жұмыс тәртібін, талаптарын, дерек алмасу пішімдерін және қауіпсіздік стандарттарын алдын ала нақтылау қажет. Бұл отандық және шетелдік финтех компанияларына ортақ талаптарды түсініп, жүйеге қосылуға және оның мүмкіндіктерін клиенттерге ұсынуға жол ашады», – деді Ұлттық төлем корпорациясы өкілі.

Mastercard компаниясының Қазақстан және Орталық Азиядағы директоры Санжар Жамалов алдағы жылдары стейблкоиндер арқылы жүзеге асатын төлемдердің маңызы арта түсетінін атап өтті.

«Алдағы бес жылда шағын және орта бизнес пен корпоративтік клиенттер арасындағы трансшекаралық төлемдерге баса назар аударуымыз керек. Бұл нарықты дамытудың келесі кезеңі болмақ. Мұнда реттелетін стейблкоиндердің маңызы зор», – деді ол.

Санжар Жамаловтың айтуынша, Қазақстанда алғашқы стейблкоин өткен жылы іске қосылған. Ендігі мақсат — осы жобаның ауқымын кеңейтіп, оны трансшекаралық төлемдерге қолдану.

«Енді бұл жобаны кеңейтіп, трансшекаралық деңгейге шығаруды көздеп отырмыз. Корпоративтік клиенттер төлемдерді қосымша рәсімдерсіз және шекаралық шектеулерсіз жүзеге асыра алады. Мұндай операциялар жеңіл әрі қолжетімді болады. Алдағы уақытта осы бағытқа басымдық береміз деп ойлаймын», — деді Санжар Жамалов.

Бұған дейін Қазақстанда QR арқылы төлем жасау, мобильді аударымдар мен цифрлық теңгені қосылған құн салығынан босату мәселесі қарастырылып жатқаны хабарланған.

Айнаш Өндіріс

Дереккөз: LS

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.