Қазақстанда адам басқармайтын такси қызметін сынақтан өткізу жоспарланып отыр. Бұл жөнінде жасанды интеллект пен цифрлық даму бағытына жетекшілік ететін бірінші вице-министр Ростислав Коняшкин мәлімдеді.
Қазір ел аумағында арнайы аймақтар белгіленіп, сол жерлерде жаңа технология тексерілмек. Ал қызмет құны мен тарифтер жөнінде әзірге сөз қозғау ерте
«Бұған дейін елде, тіпті әлемнің көп бөлігінде қолданылмаған технологиялар міндетті түрде алдын ала сынақтан өтуі керек. Қазір біз пилоттық аймақтарды іске қостық. InDrive, Yandex сияқты халықаралық деңгейде танылған серіктестермен жұмыс істеп жатырмыз. Басқа компаниялардың ұсыныстарына да ашықпыз. Жобаны биыл іске қосуды жоспарлап отырмыз. Бұл іске Ішкі істер министрлігі мен Көлік министрлігі секілді бірқатар мемлекеттік органдар тартылған», – деді вице-министр.
Оның сөзінше, барлық рәсімдер, соның ішінде құқықтық талаптар толық пысықталғаннан кейін ғана жүргізушісіз такси ресми түрде іске қосылады.
«Қазір мәселе технологияда емес, пилоттық кезеңді қалай қауіпсіз әрі тиімді өткізу керектігінде. Сонымен қатар, бұл тәжірибені кейін басқа қалаларға қалай кеңейтеміз деген сұрақ та маңызды», – деп түйіндеді ол.
Бүгінде ірі қалаларда такси қызметі күнделікті қажеттілікке айналған. Көптеген отбасылар күніне кемінде бір рет такси қызметіне жүгінеді. Ал жүргізушісіз такси сияқты түбегейлі жаңашылдыққа қала тұрғындары қалай қарайды? Алматы тұрғындарының пікірі әртүрлі.
Алматылық Вадим Юрченко әзірге мұндай көлікке сеніммен қарай алмайтынын айтады. Оның пікірінше, қаланың тығыз қозғалысы мен күрделі жол жағдайында адам тәжірибесінің орны бөлек.
Ал студенттер Салтанат пен Алия керісінше, жаңашылдыққа қызығушылық танытады. Олар үшін жүргізушісіз көлік – технологияның мүмкіндігін сезінудің бір жолы.
Құрылыс саласында еңбек ететін Алпамыс болса, ең алдымен баға мәселесіне назар аударады. Қызмет қолжетімді болса, қарсы емес екенін айтады, дегенмен өзі қоғамдық көлікті жиі пайдаланатынын жасырмайды.
Қоғам тың бастамаға сақтықпен әрі қызығушылықпен қарап отыр. Ал жүргізушісіз көліктің қазақстандық жолдарда қашан тұрақты көрініске айналары алдағы уақыттың еншісінде.












