Home Технологиялар Қосымшалар мен бағдарламалар Қазақстанда ымдау тіліне арналған «е-Ымдау» бейнесөздігі іске қосылды

Қазақстанда ымдау тіліне арналған «е-Ымдау» бейнесөздігі іске қосылды

7

Инклюзивті білім беру саласында жаңа цифрлық ресурс ресми түрде қолданысқа енгізілді. Ымдау тіліне арналған «е-Ымдау» бейнесөздігі есту қабілеті бұзылған балалар мен ересектердің білім алу, қарым-қатынас жасау және қоғам өміріне белсенді қатысу мүмкіндіктерін кеңейтуге бағытталған. Жоба Қазақстан Республикасы Оқу-ағарту министрлігінің Мектепке дейінгі және орта білім беру комитеті мен «Арнайы және инклюзивті білім беруді дамытудың ұлттық ғылыми-практикалық орталығы» РММ ғылыми-әдістемелік кеңесінің қолдауымен жүзеге асырылды.

«е-Ымдау» жүйесінің басты ерекшелігі – сөздер мен ұғымдар ым-ишара қимылдары арқылы көрнекі түрде ұсынылатын интерактивті ақпараттық база болып табылуында. Автоматтандырылған іздеу жүйесінің арқасында пайдаланушылар қажетті сөзді тез тауып, оның ымдау тіліндегі дұрыс орындалу үлгісімен таныса алады.

Аталған ресурс қазақ және орыс тілдерінде қолжетімді. Бейнесөздікті App Store платформасы арқылы жүктеп алуға немесе арнайы орталықтың ресми сайтында онлайн режимде пайдалануға болады.

«е-Ымдау» бейнесөздігі 21 лексикалық тақырыпты қамтиды.

Бұл бейнесөздік есту қабілеті бұзылған азаматтардың ақпаратқа қолжетімділігін арттыруға, ымдау тілін меңгеруді жеңілдетуге және инклюзивті білім беру сапасын жақсартуға бағытталған. Жобаның іске қосылуы ерекше білім беру қажеттіліктері бар азаматтардың сапалы білім алуына және қоғам өміріне толыққанды араласуына қосымша мүмкіндік қалыптастырады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық мақалаларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.