Елімізде интернетте заңға қайшы ақпарат таратқандар әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Бұл туралы Мәжілісте «Құқық бұзушылықтардың алдын алу туралы» заң жобасын таныстырған ішкі істер министрінің орынбасары Игорь Лепеха мәлімдеді, деп хабарлайды «Sputnik Қазақстан».
Оның айтуынша, 2023 жылы қабылданған «Интернет платформалар мен интернет жарнама туралы» заңда мұндай контентті таратуға тыйым салу нормасы енгізілген. Алайда бұл ереже орындалмаған жағдайда қандай жауапкершілік болатыны нақты көрсетілмеген еді.
«Сондықтан біз Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 456-бабы – “Жалған ақпарат тарату” тармағына “Құқыққа қайшы контент” деген ұғымды қосып отырмыз», — деді вице-министр.
Лепеха бұл баптың қазіргі таңда қолданылу тәжірибесі бар екенін, әсіресе жалған ақпарат таратуға қатысты істерде тиімді нәтиже көрсетіп отырғанын атап өтті.
«Мәдениет және ақпарат министрлігі әрбір күмәнді дерек бойынша бізге ақпарат жолдайды. Біз оны тіркеп, филологиялық сараптамаға жібереміз. Сарапшылар сол деректерге құқық бұзушылық белгілері бар-жоғын анықтайды. Егер бар болса — іс әкімшілік немесе қылмыстық жаза аясында қаралады», — деді ол.
Сондай-ақ, ол мұндай істер міндетті түрде прокуратурамен келісілетінін, соңғы шешімді сот қабылдайтынын атап өтті.
«Бұл процесте негізгі сүзгі — сот. Қажет болған жағдайда, адамды ақтап шығару да соның құзырында», — деп түйіндеді Лепеха.