Енді қазақстандықтар болашақта көлік кептелісін айналып өтіп, әуеде қатынауға мүмкіндік алуы мүмкін. Елімізде аэромобильдер – яғни әуетакси жобасы қолға алынбақ. Бұл туралы Көлік министрлігі LS ақпарат агенттігіне хабарлады.
Ведомствоның мәлімдеуінше, жоба аясында мүдделі мемлекеттік органдар мен ұйымдардың қатысуымен арнайы жұмыс тобы құрылған. Сондай-ақ, сынақ ұшуларына арналған тестік орталық айқындалып, әртүрлі ауа райында – көктемде, жазда, күзде және қыста – ұшу аппараттарының техникалық және пайдалану мүмкіндіктері жан-жақты зерттелмек.
Сынақ нәтижесі бойынша, әуетакси қозғалысын реттейтін арнайы ережелер әзірленіп, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер мен толықтырулар енгізіледі.
Алғашқы пилоттық ұшулар Алматы қаласы мен Алматы облысында өтеді. Егер жоба сәтті жүзеге асса, оны еліміздің басқа өңірлеріне де енгізу мәселесі қаралады.
Министрлік өкілдері қазіргі таңда әуетакси жеткізуші компаниялармен келіссөздер жүріп жатқанын, сынақ жұмыстары әуе көліктері сатып алынғаннан кейін басталатынын атап өтті.
Бекзада ИШЕКЕНОВА