Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қазақстанда шикізатты экспорттауға арналған лицензия енді онлайн рәсімделеді

Қазақстанда шикізатты экспорттауға арналған лицензия енді онлайн рәсімделеді

19

Қазақстандық кәсіпкерлер үшін шикізат өнімдерін шетелге шығаруға лицензия алу процесі жеңілдей түсті. Енді бұл қызметті eLicense.kz порталы арқылы толықтай цифрлық форматта алуға болады. Жаңа жүйе — Қазақстан аумағынан рұқсатпен шығарылатын шикізатты экспорттайтын компаниялар үшін іске қосылған.

Енді экспорт пен импортқа рұқсат алу бұрынғыдай ұзаққа созылмайды. Өтінім беру, құжаттарды тіркеу және лицензия алу секілді барлық қызмет түрі онлайн режимде жүзеге асады. Ол үшін пайдаланушы порталға кіріп, «Импорт, экспорт» бөлімінен қажетті қызмет түрін таңдап, құжаттарын жүктеп, мемлекеттік баж салығын төлейді. Өтінім электрондық қолтаңба немесе QR-код арқылы расталады.

Өтінімді қарау мерзімі – 5 жұмыс күніне дейін. Дайын лицензия «Рұқсаттар» бөлімінде қолжетімді болады, ал бас тартқан жағдайда себептері «Менің өтінімдерім» модулінде көрсетіледі.

Лицензия құны – 10 айлық есептік көрсеткіш. Төлем кәсіпорын тіркелген жердегі салық органына жасалады.

Жоба Цифрлық даму министрлігінің Мемлекеттік қызметтер комитеті, «Ұлттық ақпараттық технологиялар» АҚ және Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің қолдауымен іске асты. Бұл бастама экспорттаушы компаниялардың уақытын үнемдеп, рұқсат алу жолын едәуір жеңілдетеді деп күтілуде.