Home Техника Автокөліктер Қазақстанда пилотсыз көліктер пайда болуы мүмкін

Қазақстанда пилотсыз көліктер пайда болуы мүмкін

44

Қазақстанда пилотсыз көліктерді сынақтан өткізуге қолайлы жағдай жасалуы мүмкін. Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, бұл сала үлкен әлеуетке ие.

“Халықаралық компанияларды тарту үшін қажетті экожүйе қалыптастыруды ұсынамыз. Алғашқы кезеңде пилоттық аймақтар белгіленіп, заңнамалық құжаттар әзірленеді. Жоба сәтті жүзеге асса, оны ұлттық деңгейде іске қосамыз”, – деді министр.

Оның сөзінше, бұл бастама елге бірнеше стратегиялық артықшылық әкеледі. Біріншіден, Қазақстанға әлемдік компаниялар мен инвестиция тартуға мүмкіндік береді. Қазіргі уақытта Waymo (Google), Tesla, Baidu, Mobileye, Yandex, Huawei сияқты ірі ойыншылар пилотсыз көліктерін сынақтан өткізу үшін икемді реттеу жүйесі бар елдерді іздеуде. Екіншіден, бұл автономды көліктерге арналған зерттеулерге, инфрақұрылымға және өндірістік компоненттерге шетелдік инвестиция тартуды жеделдетеді.

Министр мысал ретінде Біріккен Араб Әмірліктерін келтірді, онда пилоттық аймақтар пилотсыз таксилерді тестілеуге мүмкіндік беріп, көлік жүйесінің цифрлануын айтарлықтай жылдамдатқан.

“Сонымен қатар, бұл қадам аталған саладағы стартаптардың дамуына ықпал етеді. Жалпы, Қазақстанның өңірлік технологиялық хаб ретіндегі позициясын нығайтуға көмектеседі. Қазіргі таңда АҚШ, Қытай және Ресей сияқты елдерде пилотсыз көлік жобалары табысты жүзеге асырылуда. Сарапшылардың болжамынша, 2035 жылға қарай бұл нарықтың көлемі 3 трлн долларға жетіп, 100 есе өседі”, – деді Мәдиев.

Министр сондай-ақ автокөліктерге арналған инфрақұрылымды дамыту бағдарламасын әзірлеуді ұсынды. Кейбір елдерде мұндай көліктер үшін автотұрақ пен ақылы жолдарға жеңілдіктер қарастырылған, сондай-ақ қоғамдық көлік жолағын пайдалануға рұқсат етілгенін атап өтті.

 Джамиля КАРИМОВА