Қазақстан Ішкі істер министрлігі интернет арқылы баспана мен қонақүй жалдауға қатысты жаңа алаяқтық тәсілдердің белең алғанын мәлімдеді, деп хабарлайды Noks.kz.
Алаяқтар «тапсырысты растау» деген желеумен азаматтардан банк картасының деректерін талап етуде. Мұндай хабарламалар көбіне электронды пошта, мессенджерлер немесе чаттар арқылы тарап, пайдаланушыларды жалған сайттарға бағыттайды. Нәтижесінде пайдаланушылар өз қолымен құпия мәліметтерін енгізіп, алаяқтардың құрбаны болып қалады.
ІІМ мамандары азаматтарға алаяқтардың арбауына түспеу үшін бірнеше қарапайым ережені сақтауды ұсынады.
Ең алдымен пәтер не қонақүй іздегенде сайттың мекенжайына мұқият назар аудару қажет. Алаяқтар жасаған жалған нұсқаларда ұсақ айырмашылықтар жиі кездеседі.
Сонымен қатар, чат немесе хат алмасу кезінде банк картасының деректерін ешқашан бермеу керек. Жалдау бағасы қалыптан тыс арзан болса да, абай болған жөн.
Хабарландыруды таңдағанда пікірлерін оқып, қанша уақыт бұрын жарияланғанына да мән беру қажет. Ал төлем мәселесінде пәтерді көрмей тұрып толық ақша аударуға болмайды, ең дұрысы – баспанаға кіргеннен кейін төлеу.
Сондай-ақ мамандар жоспардан тыс келген хабарламаларға күмәнмен қарауға және күдікті сілтемелерге мүлде өтпеуге шақырады. Әсіресе демалыс маусымында азаматтар барынша сақ болуы қажет.