Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Қазақстанда киберқауіпсіздік саласына мамандар даярлау басталды

Қазақстанда киберқауіпсіздік саласына мамандар даярлау басталды

7

Қазақстанда «Red Team & Blue Team Cyber Academy» білім беру бағдарламасына іріктеу кезеңі қорытындыланды. Осыған орай «Ұлттық киберқалқан» CTF турнирінің нәтижесі бойынша грант иегері атанған қатысушылармен салтанатты кездесу өтті.

Іс-шараға Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Досжан Мұсалиев қатысты. Бұл жоба ақпараттық технологиялар саласының мамандары мен ақпараттық қауіпсіздік бағытында еңбек жолын бастаған жас мамандар арасында үлкен қызығушылық тудырғанын көрсетті. Бағдарламаға еліміздің барлық өңірінен барлығы 1567 өтінім келіп түсті. Іріктеу нәтижесінде 361 үміткер «Ұлттық киберқалқан» CTF турниріне қатысып, оның қорытындысы бойынша 100 жеңімпаз анықталды. Олар «Red Team & Blue Team Cyber Academy» бағдарламасы аясында тегін білім алуға мүмкіндік беретін грантқа ие болды.

Білім беру бастамасы ақпараттық технологиялар саласында бастапқы білімі мен дағдылары бар 18 бен 45 жас аралығындағы азаматтарға арналған. Алты айға созылатын оқу толықтай онлайн форматта ұйымдастырылады. Бұл еліміздің қай өңірінде тұрса да, қабілетті мамандардың заманауи білім мен тәжірибеге тең дәрежеде қол жеткізуіне мүмкіндік береді.

Кездесу барысында вице-министр грант иегерлерін іріктеу кезеңінен сәтті өткендерімен құттықтап, елімізде жарияланған Жасанды интеллект жылындағы бұл жобаның маңызын ерекше атап өтті. Досжан Мұсалиев бағдарламаның «Digital Qazaqstan» жалпыұлттық стратегиясы аясында жүзеге асырылып жатқан мемлекеттік реформалардың маңызды бағыты екенін айтты.

«Білікті мамандар даярлау – мемлекетіміздің цифрлық егемендігін нығайтудың берік негізі. “Red Team & Blue Team Cyber Academy” бағдарламасы қазіргі заманның киберқауіптеріне тиімді қарсы тұра алатын әрі Қазақстанның стратегиялық маңызы бар цифрлық инфрақұрылымының тұрақты жұмысын қамтамасыз ететін жаңа буын сарапшыларын қалыптастыруға бағытталған», – деді вице-министр.

Іс-шара барысында ұйымдастырушылар қатысушыларды оқу бағдарламасының мазмұнымен таныстырды. Бағдарлама екі негізгі бағыттан тұрады. Оның бірі – ақпараттық жүйелердің қорғалу деңгейін тексеруге арналған Red Team бағыты, екіншісі – жүйелерді үздіксіз бақылау мен қорғау дағдыларын дамытуға бағытталған Blue Team бағыты.

Бұл бастаманың басты ерекшелігі – тәжірибеге негізделген оқыту жүйесі. Дәстүрлі теориялық курстардан айырмашылығы, Академиядағы оқу үдерісі нақты кибершабуылдар мен қорғаныс әрекеттерінің үлгілік модельдерін қолдануға құрылған. Мұндай тәсіл әлемдік білім беру тәжірибесінде сирек кездеседі.

Вице-министр тыңдаушыларға жүктелетін жауапкершіліктің жоғары екеніне назар аударып, оқу үдерісіне белсенді әрі жауапкершілікпен қатысу ғана жоғары нәтижеге қол жеткізуге және кәсіби тұрғыдан табысты қалыптасуға мүмкіндік беретінін атап өтті.

Кездесу сұрақ-жауап форматында қорытындыланды. Қатысушылар Қазақстан Республикасы Жасанды интеллект және цифрлық даму министрлігі мен «МТС» АҚ өкілдерімен киберқауіпсіздік саласындағы мансаптық мүмкіндіктерді талқылады. Кездесу соңында әлемдік деңгейдегі білім алған түлектердің киберқауіпсіздік саласының дамуына және еліміздің кибертұрақтылығын нығайтуға маңызды үлес қосатыны айтылды.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.