Елімізде азаматтардың киберқауіпсіздігін арттыруға арналған «NOMAD GUARD» сервисі іске қосылмақ. Бұл жоба қазақстандықтардың жеке деректерін қорғауға, олардың ақпараттық қауіпсіздік деңгейін көтеруге бағытталған. Жаңа қосымша туралы «WEB-TOTEM» компаниясының басшысы Руслан Тургелдинов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз мәслихатында баяндады.
Қосымшаның басты міндеті – пайдаланушыларға жеке деректерінің таралып кету қаупін анықтауға көмектесу. NOMAD GUARD арқылы азаматтар қандай ақпараттың, қашан және қайдан ұрланғанын біле алады.
«Біз eGov жүйесімен бірлесе жұмыс істейміз. Бұл бөгде адамдардың өзге біреудің деректерін қарауына жол бермеу үшін жасалған. Қосымшаға ЭЦҚ арқылы кірген кезде, пайдаланушының ЖСН, аты-жөні және электронды поштасы жүйеде тіркеледі. Егер қандай да бір ақпарат тарап кетсе, пайдаланушыға 1414 нөмірінен және «eGov mobile» қосымшасы арқылы хабарлама жіберіледі. Техникалық жұмыстар аяқталды, қазір соңғы сынақтар жүргізілуде», – деді Руслан Тургелдинов.
Қосымшада фишингтік сайттарды анықтайтын арнаулы функция қарастырылған. Егер пайдаланушы күмәнді сілтемені енгізсе, жүйе оның қауіпсіздігін тексеріп, қажет болған жағдайда бұғаттайды.
«Егер сілтеме біздің базамызда тіркеліп, «фишингтік» деп белгіленген болса, нәтиже бірден көрсетіледі. Ал жаңа сілтемелер бірнеше минут ішінде тексеріледі», – деп түсіндірді спикер.
Бұл қосымша интернет алаяқтықпен күресуде қазақстандықтар үшін тиімді құралға айналуы мүмкін. NOMAD GUARD азаматтардың жеке деректерін қорғауға көмектесіп қана қоймай, олардың кибергигиена дағдыларын қалыптастыруға да ықпал етеді