Home Ақша Қазақстанда CryptoCity атты пилоттық аймақ құрылады

Қазақстанда CryptoCity атты пилоттық аймақ құрылады

20

Қазақстанда криптовалюта қолдануға мүмкіндік беретін арнайы аймақ құрылады. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Астана халықаралық форумында (AIF) мәлімдеді.

Мемлекет басшысының айтуынша, бұл алаңда криптовалюта арқылы тауар сатып алып, қызмет түрлерін төлеуге, тіпті инвестиция салуға да мүмкіндік болады. Президент еліміздің цифрлық трансформация бағытында жеткен жетістіктеріне тоқталып, мұның Қазақстанның Еуразиялық IT-хабқа айналу жолындағы маңызды қадам екенін атап өтті.

Сонымен қатар, Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда елімізге жоғары өнімді суперкомпьютер жеткізілгенін хабарлады. Бұл құрылғы отандық IT-саланың дамуына серпін береді.

Цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиевтің айтуынша, CryptoCity-дің ең қолайлы орны ретінде Алатау қаласы қарастырылып отыр. Министр бұл жоба криптовалюта индустриясын жандандырып, бағдарламашылар мен IT-мамандарды тартып, экономикалық өсімге жаңа серпін береді деп санайды.

«Криптовалюта арқылы мейрамхана мен дәмханаларда есеп айырысып, тұрғын үй сатып алып, инвестиция салу мүмкіндігі туады. Бұл блокчейн саласын дамытудың жаңа кезеңі болар еді», – деді Жаслан Мәдиев.

Алайда, министр алдымен тиісті нормативтік-құқықтық базаны әзірлеу қажет екенін айтты. Себебі CryptoCity – криптовалюта айналымы еркін жүретін, цифрлық активтерге ашық заңнама енгізілетін ерекше аймақ болмақ.

Министр форум аясындағы панельдік сессияда Алатауды инвесторлар мен жеке компаниялар үшін тартымды ету жолдарын да атап өтті. Оның айтуынша, қалада ағылшын тілі негізгі іскерлік тілге айналуы мүмкін.

«Сонымен қатар, шетелдіктерге тұрғын үй сатып алуға мүмкіндік беруді де ұсынды.Осылайша қаланың институционалды әлеуеті артады», – деп түйіндеді министр.

Мәдиев бұл бастама жастардың назарын аударып, Дубайды емес, Алатауды таңдауына себеп болуы мүмкін деп үміттенеді.

Меруерт КЕҢЕСОВА