Жасанды интеллект және цифрлық даму вице-министрі Дмитрий Мун LS басылымына Қазақстанда дербес деректер операторлары үшін міндетті киберсақтандырудың қашан енгізілетіні жөнінде мәлімдеді.
Ол GITEX AI Kazakhstan алаңында сөйлеген сөзінде негізгі нормалар биылғы жылдың шілде айында күшіне енетін Цифрлық кодексте қамтылғанын айтты. Атап айтқанда, деректердің актив ретінде танылуы және енді олардың құнын бағалау әдістемесін әзірлеу қажеттігі қарастырылған.
Вице-министрдің айтуынша, Қазақстан Республикасы Стратегиялық жоспарлау және реформалар агенттігімен бірлесіп тиісті әдістеме әзірленгеннен кейін, ірі көлемдегі деректер қорына ие субъектілер үшін міндетті сақтандырудың пайыздық мөлшерін ақшалай форматта енгізуге мүмкіндік туады. Яғни, қолдағы деректер активінің көлемі ескеріліп, соған сәйкес сақтандыру көлемі айқындалады. Оның сөзінше, бұл бағыттағы жұмыстардың барлығы заңнамалық рәсімдер мен нормашығармашылық үдерістеріне байланысты және қазіргі уақытта аталған жұмыстар жүргізіліп жатыр.
Дмитрий Мунның пікірінше, міндетті киберсақтандыру биыл емес, келесі жылы енгізілуі ықтимал. Себебі оған қатысты заңнамалық түзетулер Парламент қарауынан өтіп, барлық рәсімдік кезеңдер толық аяқталуы қажет.
Вице-министрдің түсіндіруінше, егер компания үлкен көлемдегі деректермен жұмыс істесе, оның қызмет бағытына қарамастан, ақпараттық қауіпсіздікке жұмсалатын шығындарды сол көлемге сай пропорционалды түрде арттыруы тиіс. Бұған сақтандыру шығындары да кіреді.
Сондай-ақ ол LS тілшісінің әлеуметтік желідегі аккаунттар мүлік ретінде танылып, олардың ұрлануына байланысты полицияға шағым түсіруге мүмкіндік бола ма деген сауалына жауап берді. Дмитрий Мунның айтуынша, Цифрлық кодексте цифрлық актив және цифрлық нысандарға құқық ұғымдары нақты бекітілген.
Оның сөзінше, аккаунттар мен құпиясөздер белгілі бір деңгейде мүлік ретінде қарастырылуы мүмкін. Ал қандай да бір нысанның құқықтық табиғаты айқындалып, оның адаммен арақатынасы нақты белгіленгеннен кейін, Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекс аясында нормативтік-құқықтық актілер мен өзге де заңға тәуелді өзгерістер қабылданады. Вице-министр бұл бағыттағы мәселелердің қаралғанын, ендігі кезекте заңнамалық деңгейдегі нормашығармашылық жұмыстары қалғанын атап өтті.
Сонымен қатар ол болашақта әлеуметтік желілер толыққанды мүлікке айналады дегенді білдірмейтінін айтты. Мұндағы негізгі мәселе – азаматтардың цифрлық жазбаларға қатысты құқықтарын қорғау тетіктерін кеңейту. Оның ішінде адамның цифрлық ұмытылу құқығына ие болу мүмкіндігі де қарастырылып отыр.
Яғни, азамат өзін қандай да бір цифрлық кеңістіктен немесе цифрлық нысаннан алып тастауды талап ете алады. Мұндай жағдайда ол өз құқығын сот арқылы қорғауға жүгінуге құқылы. Ал мемлекеттік органдар бұл талапты қарап, тиісті рәсімдерді жүргізуге міндетті болады.
Бекзада ИШЕКЕНОВА












