Home Ақша Қазақстанда алаяқтыққа қарсы цифрлық жүйе құрылды

Қазақстанда алаяқтыққа қарсы цифрлық жүйе құрылды

19

Ұлттық банкке қарасты құрылған антифрод-орталықтың жұмысы нәтижесінде 2,5 миллиард теңгеден астам залалдың алдын алуға мүмкіндік туды.

Бұл орталық – банктерді, құқық қорғау органдарын және байланыс операторларын бір алаңда біріктіріп, қаржылық алаяқтықпен бірлесіп күресуге бағытталған арнайы платформа. Қазірдің өзінде антифрод-орталыққа 200-ден астам ұйым қосылған. 10 ай ішінде жүйе 60 мыңнан аса күмәнді жағдайды тіркеп, миллиардтаған теңгені құтқарып қалды.

Ең жиі кездесетін қылмыстар қатарында – телефон арқылы жасалатын алаяқтық (22%), жалған инвестициялық ұсыныстар мен “дропперлік карталармен” жасалатын операциялар (19%).

Ұлттық банк төрағасының кеңесшісі, цифрлық трансформация бойынша жетекші Бинұр Жаленовтың айтуынша, алдағы уақытта орталық жасанды интеллектінің көмегімен алаяқтық жүйелерін болжау мүмкіндігін дамытады. Сонымен қатар, Бас прокуратура мен байланыс операторларының деректер базасымен біріктірілмек.

“Алаяқтықпен тиімді күрес экожүйелік тәсілді қажет етеді. Біз 10 ай ішінде нақты іргетасын қаладық. Дедел ақпарат алмасатын платформа мен ұлттық деңгейдегі сұр және қара тізімдер базасын құрдық. Келесі кезең- сессиялық және транзакциялық антифрод жүйесін жасанды интеллект арқылы іске қосу,” – деді Бинұр Жаленов презентация барысында.

Ұлттық банк төлем жүйелері департаментінің директоры Ерлан Ашыкбеков те антифрод-орталықты дамытудың маңызын атап өтті. Оның айтуынша, бұл жүйе – әлі де қалыптасу кезеңіндегі экожүйе және мемлекет оған қолдау көрсетуді жалғастырады

“Біз орталықтың жұмысын әрі қарай жетілдіруге дайынбыз. Оның ішінде заңнамалық өзгерістерге де қолдау көрсетуге әзірміз,” – деді ол.

2025 жылдан бастап антифрод-орталық аясында сессиялық антифрод бойынша пилоттық жоба іске қосылады. Бұл жоба шеңберінде қаржы ұйымдарының мобильді қосымшаларындағы қолданушылардың мінез-құлқы арнайы жүйе арқылы талданып, алаяқтық белгілері алдын ала анықталады. Мұндай тәсіл алаяқтықты төлем немесе аударым орындалмай тұрып анықтап, бұғаттауға мүмкіндік береді.

Деректердің құпиялылығы мен қауіпсіздігіне ерекше назар аударылады. Кейіннен ұлттық төлем жүйесі деңгейінде транзакциялық антифрод енгізіледі. Бұл – банктер арасындағы күмәнді операцияларды дер кезінде тоқтатуға бағытталған.

Сонымен бірге, жәбірленушілерге қаражатты қайтару тәртібі жеңілдетіліп, антифрод-орталықтың функционалы есірткі саудасы мен заңсыз құмар ойындарға қарсы қолдану үшін кеңейтіледі. Қаржылық қызметтерге қол жеткізуі шектелетін тұлғалар тізімі бойынша реттеу де енгізілуі мүмкін.