2026 жылдан бастап Қазақстанда VoWiFi технологиясы іске қосылмақ. Ол арқылы кез келген қолжетімді Wi-Fi желісі арқылы қоңырау шалып, сөйлесуге болады. Яғни ұялы байланыс сигналы болмаған жағдайда да, интернет бар жерде байланыс үзілмейді. Бұл туралы Kazinform агенттігі хабарлады.
Жаңа технология әсіресе ұялы байланыс нашар немесе мүлде ұстамайтын аймақтарда тиімді болмақ. Мұндай жерлер көбіне жаңа тұрғын үйлер мен бизнес орталықтарында кездеседі, себебі тығыз құрылыстар желінің тұрақты жұмыс істеуіне кедергі келтіреді.
.
«VoWiFi технологиясы Wi-Fi желісі арқылы дауыс байланысын орнатуға мүмкіндік береді. Біз оны қызметкерлеріміз арасында сынақтан сәтті өткіздік. Келесі жылы бұл мүмкіндік барша абонентке қолжетімді болады», — деді «Кар-Тел» компаниясының атқарушы директоры Евгений Настрадин.
Операторлардың мәліметінше, елде 4G желісі 99 пайыз аумақты қамтығанымен, кейбір жерлерде байланыс сапасы әлі де төмен. Жаңа технологияның арқасында тұрғындар жертөле, лифт және қалың қабырғалы ғимараттар ішінде де байланыста бола алады.
Соңғы үш жылда Қазақстанның телекоммуникация саласына бір триллион теңгеден астам инвестиция құйылған. 2027 жылға дейін халықтың 100 пайызын интернетпен қамту көзделіп отыр.












