Енді Қазақстанға келген шетелдік қонақтар халықаралық әуежайда түсісімен-ақ қажетті қызметтерге QR-код арқылы қол жеткізе алады. Бұл туралы Үкімет отырысында Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов мәлімдеді.
Министрлік мәліметінше, QR-кодтар еліміздегі барлық халықаралық әуежайларға енгізілді. Олар арқылы туристерге электронды SIM-карта рәсімдеу, ресми такси шақыру, қонақүйге онлайн тапсырыс беру, шетелдік азаматты тіркеу тәртібі туралы ақпарат, сондай-ақ Қазақстанның басты туристік нысандары жөнінде мәлімет қолжетімді болады.
«Бұл жүйе туристерді такси, байланыс, валюта айырбастау және басқа да қызметтер кезінде алаяқтықтан қорғау үшін жасалған», – деп нақтылады министрлік өкілдері.
2024 жылы Қазақстанға 15,3 миллион шетелдік азамат келген. Олардың 10,4 миллионы елде бір күннен артық уақыт аялдап, турист ретінде тіркелген. Сонымен қатар, ішкі туризм де қарқын алған. Биыл ел ішінде 10,5 миллионнан астам сапар жасалған.
«QR-қызметтерді енгізу – туристерге жайлы жағдай жасау және қызмет сапасын арттыру бағытындағы кешенді жұмыстың бір бөлігі. Бұл жүйе елге келген қонақтардың жергілікті инфрақұрылымға оңай бейімделіп, сенімді ақпарат алуға мүмкіндік береді», – деп хабарлады министрліктің баспасөз қызметі.