Елімізде екі ауқымды ғарыш жобасы іске асырылады. Бұл туралы LS ақпарат агенттігі хабарлайды.
Цифрлық даму министрлігінің бюджеттік бағдарламасына сәйкес, биыл KazEOSat-MR атты орташа айқындықтағы Жерді ғарыштан бақылау жүйесін құру мен ұшыруға 9,2 млрд теңге бөлінген. Жобаны жүзеге асыру 2027 жылға дейін жалғасады.
Министрлік бұған дейін хабарлағандай, жаңа спутниктік топтамада үш аппарат болады. Олар арқылы Қазақстан аумағын суретке түсіру жиілігі үш есе артады. Яғни, енді күн сайын түсірілім жасалады. Қазіргі қолданыстағы құрылғы мұндай мәліметті апта сайын ғана ұсынады.
2027–2031 жылдар аралығында бұл жүйе импортты алмастырып, экономикалық тұрғыдан шамамен 104,4 млрд теңге үнемдеуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар, мемлекеттік органдарға ұсынылатын орташа дәлдіктегі суреттердің жанама пайдасы 46,5 млрд теңгеге бағалануда. Жалпы қамтылатын аумақ бес жылда кемінде 2,4 млрд шаршы шақырым деп жоспарлануда.
Тағы бір маңызды жоба — Ресеймен бірлесіп жүзеге асырылып жатқан “Бәйтерек” ғарыш зымыран кешенін құру. Биыл бұл жобаға 60,8 млрд теңге бөлініп отыр.
Үкіметаралық келісім аясында ресейлік тарап “Союз-5” зымыранын жасап, ал Қазақстан тарапы “Зенит-М” кешенінің жер үсті инфрақұрылымын жаңғыртып, сынақ кезінде зымыран бөліктері құлайтын аумақтарды әзірлеуге жауапты.
Министрліктің мәліметінше, 2025–2027 жылдар аралығында үш сынақ ұшырылымы өткізіліп, 2028 жылы кешен толық пайдалануға беріледі.
Бекзада ИШЕКЕНОВА