Home Робот пен дрондар,ЖИ Қазақстан AI мен адами дағдылардың сабақтастығы индексінде 55-орынға ие болды

Қазақстан AI мен адами дағдылардың сабақтастығы индексінде 55-орынға ие болды

8

Қазақстан 2026 жылғы AI мен адами дағдылардың сабақтастығы индексінде 98 елдің ішінде 55-орынға жайғасты. Жаңа көрсеткіш Coursera-ның 2026 жылғы жаһандық дағдылар есебі аясында таныстырылды. Аталған индекс білім алушылардың жасанды интеллект саласындағы дағдыларды оны тиімді қолдануға қажетті сыни ойлау, көшбасшылық, коммуникация және күрделі мәселелерді шешу секілді негізгі адами құзыреттермен қатар қаншалықты белсенді меңгеріп жатқанын бағалайды.

Индексті есептеу барысында онлайн білім алушылардың дағдыларды дамыту қарқынымен қатар, оларды ел деңгейінде тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін жағдайлар да ескеріледі. Coursera әдістемесіне сәйкес, қорытынды көрсеткіш дағдыларды меңгеру деңгейі, игерілетін құзыреттер ауқымы, жасанды интеллект дағдылары мен адами дағдылардың өзара ұштасуы, сондай-ақ Oxford Insights ұйымының мемлекеттік сектордың жасанды интеллекті енгізуге дайындығын бағалайтын индексі негізінде қалыптастырылады. Бұл индекс мемлекеттердің жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану әлеуетін бағалайды. Бағалау кезінде мемлекеттік саясат, инфрақұрылым, адами капитал, жасанды интеллект саласының дамуы және өзге де факторлар назарға алынады.

«Қазақстан ұлттық AI-Sana бағдарламасын іске қоса бастаған кезде цифрлық курстарға қолжетімділіктің болуы ғана жеткіліксіз екенін түсіндік. Жүйелі өзгерістерге қол жеткізу үшін алынған білімді білім беру үдерісіне енгізіп, оны тәжірибеде қолдануға мүмкіндік беретін жағдай қалыптастыру маңызды болды. Қазір бағдарлама аясында 100 университет оқу курстарын енгізу, нәтижелерді бақылау және жасанды интеллект технологияларының қарқынды дамуына байланысты оқу мазмұнын тұрақты түрде жаңарту бағытында жұмыс істеп жатыр. Сонымен қатар оқытушылардың цифрлық және педагогикалық құзыреттерін дамытуға ерекше мән беріп келеміз. Бүгінде 1 200-ден астам педагог заманауи онлайн оқыту әдістерін меңгеріп, 35 авторлық курсты әзірлеуге атсалысты. Мұндай тәсіл жасанды интеллект саласындағы білімге қолжетімділікті кеңейтіп қана қоймай, студенттерді еңбек нарығындағы өзгермелі талаптарға жүйелі түрде дайындауға мүмкіндік береді», – деді ҚР Ғылым және жоғары білім министрі Саясат Нұрбек.

Қазақстанның бұл нәтижесі цифрлық білім беру платформаларын белсенді пайдаланушылар арасында жасанды интеллект саласындағы техникалық құзыреттермен қатар, оларды тәжірибеде тиімді қолдануға қажетті адами дағдыларды дамытуға да тұрақты қызығушылық бар екенін көрсетеді. Жасанды интеллект білім беру үдерісіне, кәсіби қызметке және күнделікті жұмыс міндеттеріне кеңінен еніп жатқан қазіргі кезеңде мұндай өзара сабақтастықтың маңызы арта түсуде.

Сонымен бірге AI мен адами дағдылардың сабақтастығы индексіндегі көрсеткіштерді оның есептеу әдістемесінің ерекшеліктерін ескере отырып қарастырған жөн. Coursera ұсынған деректер, ең алдымен, осы платформадағы пайдаланушылардың білім алуға деген белсенділігін көрсетеді және ел халқының барлығына тән дағдылар деңгейін тікелей сипаттамайды. Сондықтан Қазақстанның нәтижесі цифрлық білім алуға қатысушылар арасында жасанды интеллект және адами дағдылардың даму қарқынын көрсететін халықаралық көрсеткіш ретінде қарастырылады. Сонымен қатар ол құзыреттердің әлемдік деңгейде қалыптасуындағы негізгі үрдістерді бағалауға мүмкіндік беретін қосымша бағдар болып саналады.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.