Астанада жедел жәрдем қызметінің қозғалысын онлайн бақылауға мүмкіндік беретін жаңа жоба іске қосылды. Денсаулық сақтау министрлігі мен елорда әкімдігі бірлесіп қолға алған пилоттық жоба аясында тұрғындар жедел жәрдем шақырған соң, оның қайда келе жатқанын карта арқылы көре алады. Бұл жаңашылдық диспетчерлердің жұмысын жеңілдетіп, қайта-қайта қоңырау шалатын тұрғындар санын азайтпақ.
Жедел жәрдемге қоңырау шалған сәтте-ақ, азаматтың телефонына арнайы сілтемесі бар SMS-хабарлама жолданады. Сілтемеге өтіп, браузер немесе Яндекс Go қосымшасы арқылы көмек бригадасының нақты қай жерде келе жатқанын бақылауға болады. Картаның жұмысы JavaScript API технологиясының көмегімен жүзеге асады.
Астана қалалық жедел жәрдем қызметінің мәліметінше, тәулігіне шамамен 6000-ға жуық қоңырау түседі. Оның 40 пайызы – көмек келе ме, жоқ па деп қайта хабарласатындар. Ақпараттандыру процесін автоматтандыру арқылы диспетчерлердің жүктемесін жеңілдетіп, жаңа шақыртуларды қабылдауға көбірек уақыт бөлінеді.
Алғашқы кезеңде бұл мүмкіндік Астананың кейбір аумақтарында ғана қолжетімді болады. Маусым айынан бастап қала тұрғындарының барлығы осы қызметті пайдалана алады. Жыл соңына дейін жобаны еліміздің барлық өңіріне кеңейту жоспарда бар.
«Жедел жәрдем көлігінің қозғалысын онлайн көру мүмкіндігі — цифрлық шешімдердің өмірді жеңілдететініне нақты мысал. Бұл тұрғындардың алаңдаушылығын азайтып, бригада келгенше дайындалуға көмектеседі. Мысалы, ауладағы шлагбаумды ашып қоюға немесе науқастың құжаттарын дайындауға болады», — деді Денсаулық сақтау вице-министрі Ербол Оспанов.
Дайрабай Бекжанов