Home Робот пен дрондар,ЖИ Астанадағы мектепте жасанды интеллект технологиялары енгізілді

Астанадағы мектепте жасанды интеллект технологиялары енгізілді

28

Астанадағы №84 лицейде оқу процесінде жасанды интеллект технологиялары белсенді түрде қолданылуда. 2023 жылдан бастап мектеп цифрлық технологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмыс жүргізіп келеді, деп хабарлады қала әкімдігінің баспасөз қызметі.

Бұл бастама білім сапасын арттыруға, оқушылар мен мұғалімдер үшін қауіпсіз әрі ыңғайлы ортаны қалыптастыруға, сондай-ақ оқу процесін тиімді ұйымдастыруға бағытталған.

Мектеп Google Workspace for Education платформасын пайдаланады, ол мұғалімдер мен оқушылардың бірлесіп жұмысын жеңілдетеді. Сонымен қатар Gemini AI сервисі енгізілген. Жасанды интеллект оқушылардың жеке қажеттіліктеріне сәйкес оқу материалдарын бейімдеуге, автоматты түрде тестер мен сұрақтар құруға, нәтижелерді объективті бағалауға және мұғалімдердің уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді.

Мектеп директоры Самал Нұғманова жасанды интеллектті енгізу білім саласында елеулі серпіліс әкелетінін атап өтті.

«Біздің басты мақсатымыз — әрбір баланың қабілеті мен қызығушылығына сай білім алуына жағдай жасау. Осы арқылы біз болашаққа лайықты, талаптарға сай дайын ұрпақ тәрбиелегіміз келеді», — деп атап өтті маман.