3D үлгілерін жасау, құрылғыны баптау, материал таңдау және дайын өнімді сатылымға шығару сияқты жұмыстарды енді бір орталықтан басқаруға болады. Қарағандылық инженерлер 3D-баспа саласына арналған жасанды интеллект көмекшісін әзірледі.
Жоба авторы – Данил Ращупкин. Ол 2006 жылы «KZ TRANSIT» компаниясын құрып, техникалық өнімдер мен пластик бұйымдар шығарумен айналысқан. Үш жыл бұрын жұмыс тобымен өндірістік бөлшектерді 3D-баспамен әзірлеуге көшіп, жаңа бағытта жұмыс бастайды. Осы бастама «Teleport 3D» деп аталатын стартапқа айналды. Жобаны іске асыруға Қарағандыдағы «Террикон алқабы» IT-хабы мен бизнес-ангелдер қолдау көрсеткен.
3D-баспа саласына бет бұрған инженерлер түрлі техникалық кедергілерге жиі тап болған: құрылғының дәл жұмыс істемеуі, бөлшектердің дұрыс басылмауы, пластиктің жабыспай қалуы сынды мәселелер уақытты да, ресурсты да көп талап етті. Аталмыш қиындықтарды шешу жолында жиналған тәжірибе кейін цифрлық көмекшіге негіз болды.
«Қарап отырсақ, бүгінгі күнге дейін 3D-инженерлерге арналған нақты, ақылды көмекші жоқ. Біз бұл олқылықтың орнын толтыруды жөн көрдік», – дейді жоба басшысы Данил Ращупкин.
Нәтижесінде, инженерлердің бастамасымен Teleport3D.com платформасы жасалды. Оның негізгі бөлігі – Ника деп аталатын жасанды интеллект. Бұл – 3D-баспа саласына арнап әзірленген алғашқы цифрлық көмекші.

Ника не істей алады?
- 3D-модельдеу мен баспаға қатысты сұрақтарға жауап береді;
- Қажетті материал мен жабдықты қолданушының сұранысына сай ұсынады;
- Құрылғыны баптау, жөндеу және жинау бойынша нақты нұсқаулық береді;
- Blender, SolidWorks, Cura, Fusion 360 сияқты бағдарламалармен жұмыс істеуге көмектеседі;
- Дайын өнімді нарыққа шығаруға қатысты кеңес береді.
Ника – тәулік бойы жұмыс істейтін, түрлі тілде сөйлей алатын және әр қолданушының деңгейіне бейімделе алатын жүйе. Бұл – қарапайым чат-бот емес, инженерлік білімге негізделген ақылды көмекші.
Платформа іске қосылған сәттен бастап Ника ондаған инженер мен студентке нақты көмек көрсетті. Teleport 3D тобы бұл жобаны тоқтатпай, болашақта жасанды интеллекттің мүмкіндігін одан әрі кеңейтуді көздеп отыр.
Ақпарат көзі: «Террикон алқабы» IT-хабы