Home Технологиялар Ғаламтор және желі Қарағанды облысының оқушылары халықаралық ғылыми жобалар байқауында үздіктер қатарынан көрінді

Қарағанды облысының оқушылары халықаралық ғылыми жобалар байқауында үздіктер қатарынан көрінді

7

Қарағанды облысының оқушылары геометрия және киберқауіпсіздік бағытындағы жобаларымен Астанада өткен Өмірбек Жолдасбеков атындағы математика және механика бойынша халықаралық ғылыми жобалар байқауында күміс жүлдеге ие болды.

Байқауға 11–12 сыныптардың 135 оқушысы қатысты. Олардың қатарында Таиланд пен Түркиядан келген 20 мектеп оқушысы бар. Қатысушылар қазылар алқасының назарына барлығы 99 жобаны ұсынды.

Қарағанды облысының атынан төрт жас зерттеуші бақ сынады.

Дарын мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының оқушылары Мадияр Ізбасар мен Динислам Букар бірлесіп GeometryPro атты жобаны әзірледі. Бұл геометрия пәніне арналған интерактивті білім беру платформасы күрделі тақырыптарды көрнекі түрде түсіндіру және практикалық тапсырмалар арқылы меңгеруді жеңілдетуге бағытталған.

«Жобаның мақсаты геометриялық фигураларды тануға арналған оқу құралын әзірлеу болды. Біз геометрияны барынша көрнекі әрі түсінікті етуге назар аудардық, әсіресе абстрактілі ұғымдарды қабылдауда қиындық көретін оқушылар үшін қолжетімді болуын көздедік»,-деп нақтылады Динислам Букар.

Байқау барысында оқушылар платформаның өзін және оны сынақтан өткізу нәтижелерін таныстырды. Қазылар алқасы әзірлеменің практикалық маңызын және білім беру саласында қолдану әлеуетін жоғары бағалады. Нәтижесінде команда екінші орынға ие болды.

«Біздің ойымызша, жеңіске жету үшін кейбір функцияларды тереңірек пысықтау және нақты пайдаланушылармен ауқымдырақ тестілеу жүргізу қажет еді. Соған қарамастан бұл тәжірибе біз үшін өте құнды болды. Біз пайдалы кері байланыс алдық және жобаны жетілдіру жұмыстарын жоспарлап отырмыз»,-деп атап өтті Мадияр Ізбасар.

Қарағанды облысының оқушылары халықаралық ғылыми жобалар байқауында үздіктер қатарынан көрінді

Қарағандылық оқушылар халықаралық ғылыми жобалар байқауында үздіктер қатарынан көрінді

Өңірге тағы бір күміс жүлдені Шет ауданы Ә. Ермеков атындағы тірек мектеп-интернатының оқушысы Ақмарал Байболат алып келді. Сонымен қатар ол Satpayev University білім беру грантының иегері атанды.

Оның жобасы заманауи алаяқтық түрлеріне қарсы іс-қимылға арналған және прототип элементтері бар шағын қосымша тұжырымдамасын қамтиды. Жобаның негізгі идеясы телефон арқылы сөйлесу барысында әңгімелесушінің сөзін талдау және жасанды интеллект көмегімен алаяқтық белгілерін анықтау болып табылады. Ақмарал ұсынған жүйе сөздер мен тіркестерді бақылап, олардың ықтимал қауіптілігін бағалай алады. Күдікті сипаттағы сөздер анықталған жағдайда қолданушыға ескерту беріледі.

Сонымен қатар жобада дауыс ізін тану технологиясын қолдану мүмкіндігі қарастырылған. Бұл тәсіл болашақта әртүрлі нөмірлерден қоңырау шалатын адамның бір тұлға екенін анықтауға мүмкіндік береді. Мұндай шешім алаяқтарды әшкерелеуді жеңілдетуі ықтимал.

«Екінші орын алып, Satpayev University грантын иелену мен үшін маңызды нәтиже. Оның артында көпжылдық еңбек жатыр. Ең бастысы, мықты қатысушылар арасында өзімді көрсете алдым және үздіктер қатарына ендім»,-дейді Ақмарал Байболат.

Қарағанды облысынан қатысқан төртінші үміткер Шет ауданы Жамбыл Ақылбаев атындағы мектеп-гимназияның оқушысы Ақтілек Ораза ерекше жетістіктері үшін арнайы грамотамен марапатталды.