Home Робот пен дрондар,ЖИ Қарағанды – Балқаш тасжолын дрон арқылы бақылау жүргізіледі

Қарағанды – Балқаш тасжолын дрон арқылы бақылау жүргізіледі

28

Қарағанды облысының полиция департаменті Қарағанды – Балқаш бағытындағы жолда патрульдік дрондарды қолдану басталатынын хабарлады. Ұшқышсыз басқарылатын бұл құрылғылар жол қауіпсіздігін күшейту мақсатында келесі аптадан бастап іске қосылады. Қазір тасжол бойына жүргізушілерге дронмен бақылау жүргізілетінін ескертетін арнайы белгілер орнатылып жатыр.

«Дрондарды жаңадан сатып алудың қажеті жоқ, олар полицияның иелігінде бар. Патрульдік полицейлер бұл құрылғылардың көмегімен жол ережесін бұзғандарды оңай анықтай алады. Мәселен, қарсы бағытқа шығып кететін, тыйым салынған жерден бұрылатын немесе басты жолда қозғалыс ережесін сақтамайтын жүргізушілер бірден көзге түседі. Құқық бұзушылық тіркелсе, жүргізушіні жол бойындағы полиция қызметкері тоқтатып, ескерту жасап, түсіндіру жұмыстарын жүргізеді. Бұл туралы Қарағанды облыстық Полиция департаментінің баспасөз хатшысы Бақытжан Құдияров мәлімдеді.

Полиция өкілдерінің айтуынша, жазда көлік қозғалысы жиілейтін Қарағанды – Балқаш бағытына дрон арқылы бақылау орнату – жол апатының алдын алуға бағытталған қадам.

Патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұхановтың айтуынша, дрондарды енгізудегі басты мақсат — жүргізушілерді жаппай жазалау емес. Керісінше, жол ережесін сақтау мәдениетін арттырып, апат санын азайту көзделіп отыр.

Айта кетейік, дәстүрлі автокөлікпен патрульдеу де бұрынғы тәртіппен жалғаса береді.