Соңғы уақытта қазақстандық жастар арасында ерекше әдет қалыптаса бастады. Көпшілігі смартфон экранын ақ- қара түске ауыстыруды жөн көреді. Бұл ағымның нақты қайдан шыққаны белгісіз, алайда Еуропа елдерінде және көршілес мемлекеттерде мұндай тәжірибе соңғы бірнеше жылда кең таралған. YouTube пен TikTok желілерінде экранды монохромды етуге арналған түрлі кеңестер мен бейнелер көптеп кездеседі. Ал түстерден бас тартқандардың айтуынша, бұл тәсіл – гаджетке тәуелділікті азайтуға көмектесетін тиімді амал.
Бастапқыда мұндай экран көп адамға қызықсыз көрінуі мүмкін. Себебі бұрын көзге жылы ұшырайтын түрлі-түсті белгішелер мен хабарламалар енді қарапайым әрі бірсарынды болып көрінеді. Әсіресе әлеуметтік желілер мен түрлі қосымшалар бұрынғыдай көз тартпайды.

«Алғашқы күндері экран тым сұрғылт, көңілсіз көрінді. Тіпті түрлі түстердің жетіспеуінен жабырқадым. Бірақ үш-төрт күн өткен соң көз үйренеді екен. Қара-ақ экран назарды шашыратпайды, керісінше, маңызды дүниеге көбірек мән беруге көмектеседі. Тіпті контентті таңдағанда да талғампаз бола бастайсың. Егер қара-ақ сурет көңіліңді аударса – демек, ол шынымен қызықты деген сөз»,- дейді алматылық Алина
Қазіргі таңда көпшілік өмірінің әр сәтін телефонға телміріп өткізеді. Үйде де, жұмыста да, демалыс кезінде де көз алдымыздан смартфон экраны кетпейді. Бәлкім, ми шектен тыс ашық түстер мен ақпарат ағынынан шаршаған шығар. Сондықтан қара-ақ түсті экранға көшу — сән қуушылық емес, көңіл тыныштығын табуға және зейінді шоғырландыруға көмектесетін жаңа тәсілге айналып келеді.
«Цифрлық шудың» белең алған дәуірінде қарапайымдылыққа бет бұру – уақыт талабы сияқты. Монохромды экран – адам санасын артық әсерден тазартып, өмірдің шынайы реңктерін қайта сезінуге мүмкіндік беретін шағын, бірақ маңызды қадам.

Ғалымдардың айтуынша, түс адамның миына тікелей әсер етеді. Мәселен, қызыл түс (көбіне түрлі хабарламаларда кездеседі) ми үшін ерекше белгі саналады: ол не аса маңызды оқиғаны, не қауіптің барын аңғартады. Сол себепті адам бейсаналы түрде мұндай белгіге бірден назар аударып, хабарламаны ашуға ұмтылады.
Жарқын түсті иконкалар мен түрлі-түсті интерфейстер миға аз мөлшерде дофамин бөлуге ықпал етеді. Тіпті тек қарап отырғанның өзінде адамда қысқа мерзімді қуаныш сезімі пайда болады. Ал әлеуметтік желілердегі үздіксіз ауысып отыратын контент ойын автоматтарына ұқсас әсер қалдырады: келесі жазбаны ашу қажеттілігі туа береді, сол арқылы адам уақыттың қалай өткенін байқамай, бірнеше сағат бойы экранға телміреді.
Мамандардың пікірінше, мұндай жағдайда қара-ақ түсті экран әлеуметтік желіге тәуелділікті азайтуға көмектесуі мүмкін. Әсіресе күніне 3–5 сағаттан артық уақытын телефонға жұмсайтын, таңертең оянысымен бірден смартфонды қолына алатын немесе кешкі уақытта экранның жарық түсінен ашуланып, ұйықтай алмайтын адамдар үшін бұл тәсіл пайдалы болуы ықтимал.
Finratings.kz басылымының жазуынша, смартфон экранын қара-ақ түске ауыстырудың бірнеше пайдалы жағы бар. Ең алдымен, бұл — цифрлық детокс жасаудың тиімді әдісі. Себебі экран қызығушылық тудырмайды, адам телефонды тек нақты қажет болғанда ғана қолға алады. Сонымен қатар монохромды режим назарды жинақтап, артық визуалды «шудан» арылуға көмектеседі. Көз шаршамай, мақалалар мен құжаттарды оқу жеңілдейді, ал түрлі-түсті белгішелердің азаюы әлеуметтік желілерге елігуді бәсеңдетеді.
Тағы бір артықшылығы — энергия үнемдеу. Әсіресе OLED-экрандарда қара түстің басымдығы батареяның қуатын ұзақ сақтайды. Бұған қоса, қара-ақ экран жүйке жүйесіне түсетін салмақты азайтып, көк жарықтың әсерін төмендетеді, нәтижесінде ұйқының сапасы жақсарады. Ал шынайы өмірге келгенде, сұр реңктерге көз үйренгеннен кейін айналадағы түстер бұрынғыдан да айқын, қанық болып көрінеді. Осылайша, қара-ақ экран тек сән үшін емес, адамның психологиялық тепе-теңдігін сақтауға және саналы өмір салтын ұстануға септігін тигізетін тиімді тәсіл саналады.
Жаңа тренд көпшіліктің қызығушылығын оятып қана қоймай, кейбіреулер үшін табыс көзіне де айналып отыр. Мәселен, енді арнайы қара-ақ түсті смартфон тұсқағаздарын жасап, сатумен айналысатындар да бар.


Дегенмен экранды қара-ақ түске ауыстыру бәріне бірдей ұнай қойған жоқ. Кейбіреулер үшін бұл қолайсыздық тудырса, әсіресе балалар мұндай өзгерісті мүлде қызықсыз деп қабылдайды.
Алматылық Ангелина есімді ана өз тәжірибесімен бөлісті.
«Ұлыммен ұйықтар алдында жануарлар туралы бейнероликтер көреміз. Бірақ экранды қара-ақ түске ауыстырған соң, оның қызығушылығы жоғалды. Өйткені піл де, арыстан да, дельфин мен қолтырауын да бір түсті болып көрінеді. Ұлым мұндай бейнелерді көргісі келмеді», – дейді төрт жасар баланың анасы.
Кейбір ересектер де бұл тәсілдің қолайсыз тұстарын байқаған. «Мен жиі сәнді киімдерім мен бейнелерімді әлеуметтік желіге жүктеймін. Қара-ақ экранмен жұмыс істеу қиынға соқты. Алдымен бейнені түсіріп, кейін түсі қалай көрінетінін тексеру үшін күйеуімнен көмектесуді сұраймын. Бұл — ең көп уақыт пен күш жұмсаған жарияланымым болды», – дейді алматылық Анна.


Соған қарамастан, көпшілік мұндай тәжірибенің пайдалы екенін мойындайды. Телефон экранындағы түрлі-түстің азаюы зейінді шоғырландыруға, смартфонға тәуелділікті төмендетуге көмектеседі. Демек, қара-ақ экран – бәріне бірдей ұнамайтын, бірақ сананы тыныштандырып, уақытты тиімді пайдалануға жол ашатын ерекше тәсіл.
Қара-ақ экранды қолданып көргендер қалыпты түстерге қайта оралғанда, оларды бұрынғыдай қабылдай алмайтынын айтады. Көпшілігіне экрандағы реңктер шектен тыс қанық, «қышқыл» болып көрініп, көзді шаршатады. Тіпті кейбірі жарықтықты азайтуға мәжбүр болған.
«Маған ұнады ма, жоқ па – әлі нақты айта алмаймын. Бірақ көзге расымен жеңіл, тынығуға мүмкіндік бар», – дейді Қарағандыдан Алматыға білім іздеп келген Марат есімді студент.

Ал кейбір қолданушылар, керісінше, мұндай тәсілден кейін түстерді қайта сезініп, шынайы өмірдің бояулары айқынырақ, әсерлірек көріне бастағанын айтады. Олардың сөзінше, көздің сезімталдығы артып, айналадағы табиғи сұлулық бұрынғыдан да жарқырай түскен.
Бір анығы – мұндай тәжірибеден ешқандай зиян жоқ. Қалаған сәтте әдеттегі түрлі-түсті экранға қайта көшуге болады. Ал көзге аздап тынығу мен сананы сергітудің артықшылығы сөзсіз.