Home Технологиялар VR мен AR Apple Vision Pro жобасын кейінге шегеріп, жаңа көзілдірікке басымдық берді

Apple Vision Pro жобасын кейінге шегеріп, жаңа көзілдірікке басымдық берді

11

Apple компаниясы өз даму басымдықтарын қайта қарап, Vision Pro құрылғысының арзандатылған нұсқасынан бас тартып, күшін ақылды көзілдірік жобасына бағыттады. Bloomberg агенттігінің хабарлауынша, компания өткен аптада бұл шешімді өз инженерлеріне ресми түрде жариялап, Meta шығарған Ray-Ban көзілдіріктеріне бәсекелес өнім әзірлеуді жеделдетуді тапсырған.

Apple екі түрлі ақылды көзілдірік моделін әзірлеуде. Біріншісі — ішкі кодтық атауы N50, дисплейсіз нұсқа. Ол iPhone-мен синхронды жұмыс істейді. Компания осы үлгінің өндірісін келесі жылы бастап, 2027 жылы нарыққа шығаруды жоспарлап отыр.

Екінші модельде толықтырылған шынайылық элементтері бар шағын дисплей орнатылады. Бұл үлгі Meta компаниясының Ray-Ban Display көзілдіріктерімен тікелей бәсекелес болмақ. Бастапқыда оның таныстырылымы 2028 жылға жоспарланған еді, алайда Apple жобаны ертерек іске қосу үшін әзірлеу мерзімін қысқартты. Жаңа көзілдіріктер дауыстық басқару жүйесі мен жасанды интеллект негізіндегі пәрмендерді кеңінен қолданады.

Bloomberg-тің бұған дейінгі дерегінше, Apple келесі жылы үлкен тіл үлгілеріне негізделген жаңартылған Siri нұсқасын таныстырады. Жаңа көмекші дауыстық басқаруды жетілдіріп, оны дисплейі бар құрылғыларда, смарт-бағаналар мен көзілдіріктерде қолдануға мүмкіндік береді. Siri жүйесі Apple-дің киілетін құрылғыларының негізгі басқару ортасына айналмақ.

Ақылды көзілдірік түрлі стильде ұсынылып, арнайы жаңа чиппен, дыбыс шығаратын динамиктермен және фото-видео түсірілімге арналған камерамен жабдықталады. Сонымен қатар компания құрылғыны денсаулық көрсеткіштерін бақылау мүмкіндіктерімен толықтырып, өз фитнес-экожүйесін кеңейтуді көздеп отыр.

Толықтырылған шынайылық технологиясы бар көзілдірік жасау Apple-дің ұзақ мерзімді мақсаты саналады. Мұндай құрылғылар болашақта смартфондарға балама бола алады деген болжам бар. Соңғы мәліметтер компанияның осы бағыттағы стратегиясын растағанымен, Apple-дің Meta-дан артта қалғанын және арақашықтықты қысқартуға тырысып жатқанын көрсетеді.

Сонымен қатар Apple компаниясы Vision Pro жобасын толық тоқтатқан жоқ. Жуырда АҚШ-тың Байланыс жөніндегі федералды комиссиясы компанияның бас киімге арналған жаңа құрылғысын тіркеген құжаттарды жариялады. Құжаттар Vision Pro-ның жеңілдетілген түріне не жаңа өнімге қатысты екені анықталмаған.