Home Робот пен дрондар,ЖИ Ғалымдар ішек жұмысын бақылайтын шағын капсула ойлап тапты

Ғалымдар ішек жұмысын бақылайтын шағын капсула ойлап тапты

32

Калифорния технологиялық институтының (Caltech) зерттеушілері адам ағзасындағы асқорыту жүйесінің жағдайын бақылауға арналған PillTrek атты ерекше капсула әзірледі. Диаметрі бар-жоғы 7 миллиметр, ұзындығы 25 миллиметр болатын бұл шағын құрылғы – нағыз портативті зертхана. Ол ішектегі түрлі биохимиялық көрсеткіштерді , яғни қышқылдық деңгейі (рН), температура, глюкоза, серотонин сынды биомаркерлерді анықтап, ішкі процестер туралы нақты мәлімет береді.

Биопсия немесе эндоскопиялық тексерулер секілді дәстүрлі әдістер, әдетте қымбат, ыңғайсыз және инвазивті болады. Ал PillTrek капсуласы – ішкі ағзаны зақымдамай, толық әрі нақты ақпарат алудың жаңа мүмкіндігін ұсынады. Құрылғы ішіне орнатылған шағын сенсорлар арқылы метаболиттерді, иондарды, гормондарды – соның ішінде серотонин мен дофаминді, тіпті ақуыздарды да анықтай алады. Бұл туралы медициналық инженерия профессоры Вэй Гао «Электрохимиялық талдау тұрғысынан алғанда, бұл – өте қуатты платформа», – деп атап өтті.

Ғалымдар капсуланың тиімділігін жануарларға жүргізілген тәжірибелер арқылы дәлелдеген. PillTrek глюкоза мен серотонин деңгейінің өзгерісін сәтті тіркеген. Ең бастысы — капсуладағы датчиктерді қажетті көрсеткіштерге қарай ауыстыруға болады. Оған қоса, зерттеушілер 3D-баспа арқылы пластикалық негізге сенсорлар орнатудың әдісін де әзірлеген. Бұл тәсіл құрылғыны көптеп шығаруға жол ашады.

Алдағы уақытта ғалымдар PillTrek капсуласының көлемін кішірейтіп, қуат тұтынуын азайтуды көздеп отыр. Жоба авторларының бірі, профессор Азита Эмами бұл құрылғыны созылмалы ауруларды ерте анықтап, бақылауға мүмкіндік беретін болашақтың медициналық құралы ретінде сипаттайды.

«Біз медицинада маңызды деректерді нақты әрі дер кезінде беретін құрылғылар жасауға бір қадам жақындадық», – дейді ол.