Home Технологиялар Инновациялар Алматылықтар метро ақысын енді бет-әлпет арқылы төлей алады

Алматылықтар метро ақысын енді бет-әлпет арқылы төлей алады

29

12 маусымнан бастап Алматы метросында жолақыны төлеудің жаңа тәсілі іске қосылды. Енді жолаушылар арнайы турникетке жақындап, бет-әлпетін сканерлеу арқылы жасанды интеллект көмегімен төлем жүргізе алады. Бұл туралы Halyk Bank ресми сайтында хабарлады.

Қаланың қарбалас сәттерінде метро — діттеген жерге жылдам жетудің тиімді жолы. Әсіресе Сарыарқа мен Б.Момышұлы станциялары пайдалануға берілгелі бері күнделікті жолаушылар саны 100 мың адамға дейін артқан. Таңғы қарбаласта станциялар маңында ұзын-сонар кезек қалыптасатыны жасырын емес. Бұған дейін метроға жетон сатып алып, қолма-қол ақшамен немесе банк картасымен, метроның смарт-картасы, «Онай» картасы не арнайы мобильді қосымша арқылы өту мүмкіндігі болған.

Ал енді заманауи технологиялардың көмегімен бұл үдеріс бұрынғыдан да жылдамырақ әрі ыңғайлы болмақ. Метрополитенде арнайы жасыл белгілермен көрсетілген турникеттердің жанында бет-әлпетті сканерлеу жүйесі арқылы төлем жасауға болады. Бұл — толықтай байланыссыз қызмет түрі.

Жаңа жүйе сәрсенбі күні ресми түрде таныстырылды. Face Pay қызметі әлемнің бірнеше елінде сәтті қолданылып жүр, ал енді ол Алматыда да қолжетімді болып отыр. Бұл – Halyk Bank пен Visa төлем жүйесінің бірлескен жобасы. Оған қоса, «Бірінші несиелік бюро» ЖШС, Алматы қаласы әкімдігі мен «Метрополитен» КМҚК қолдау көрсетіп отыр.

Жүйеге тіркелгендер арнайы акция аясында бонустар жинап, кей сапарларын тегін өте алады.

Алматылықтар метро ақысын енді бет-әлпет арқылы төлей алады

«Біз қызметтеріміздің барша азамат үшін қолжетімді әрі ыңғайлы болуын қалаймыз. Face Pay — осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам. Бұл жүйе төлем жасау үдерісін жеңілдетіп қана қоймай, оны жылдамырақ әрі қолайлы етеді», – деді Halyk басқарма төрағасының орынбасары Жұмабек Мамутов жаңа қызметтің тұсаукесерінде.

3 маусым мен 31 шілде аралығында Face Pay жүйесі арқылы метроға төлеген жолақының толық сомасы бонустар түрінде қайтарылады. Яғни, цифрлық жүйені қолданып, біраз үнемдеуге болады.

Face Pay жүйесіне қалай қосылуға болады?

Бұл қызметті пайдалану үшін Halyk мобильді қосымшасына кіріп, “Төлемдер” бөлімінен “Face Pay” қызметін таңдап, “Қосу” батырмасын басу қажет. Содан соң, төлем жүргізілетін банк картасын тіркеп, қызметті белсендіріп қою керек.

Face Pay арқылы жолақы төлеу сервисін Halyk Bank мобильді қосымшасын қолданатын, жасы 16-дан асқан ҚР азаматтары ғана қоса алады.

Face Pay қызметі не себепті қосылмайды?

Мұның бірнеше себебі болуы мүмкін. Біріншіден, мобильді қосымшаңыздың ескі нұсқасы қолданылып жатқан болуы ықтимал. Мұндай жағдайда App Store немесе Google Play арқылы жаңартуды ұмытпаңыз.

Екіншіден, бұл қызмет тек Қазақстан азаматтарына арналған. Егер сіз ҚР азаматы болмасаңыз, қызмет қолжетімсіз.

Үшіншіден, егер жасыңыз 16-ға толмаған болса, жүйе бұл қызметті пайдалануға рұқсат бермейді.

Қай станцияларда Face Pay арқылы төлем жүргізе аламыз?

Face Pay жүйесі Алматы метросының турникеттеріне орнатылған арнайы камералар арқылы жұмыс істейді. Қазір бұл құрылғылар барлық станцияларда орнатылып жатыр. Бұған дейін жүйе Абай мен Бауыржан Момышұлы бекеттерінде сынақтан өткен болатын.

Алматылықтар метро ақысын енді бет-әлпет арқылы төлей алады

Face Pay арқылы жолақы қалай төленеді?

Жаңа жүйені пайдалану үшін арнайы «Face Pay арқылы төлеу» деген жасыл түсті стикерлер жапсырылған турникетке жақындаңыз.

Турникеттің алдында орналасқан белгінің үстіне тұрып, тікелей камераға қарауыңыз қажет. Жүйе бетіңізді танығаннан кейін жасыл жарық жанады және турникет есіктері ашылады. Сол сәтте жолақы сіздің тіркелген банк картаңыздан автоматты түрде алынып, Halyk қосымшасына төлем жайлы хабарлама келеді.

Алматы метросында Face Pay арқылы бір реттік жол жүру құны — 100 теңге. Бұл жүйеде жеңілдік тарифтері қарастырылмағанын ескеру қажет.

Қызметті пайдалану үшін не істеу керек?

Банк картаңызда тарифке сай жеткілікті қаражат болуы тиіс.

Камераның бетіңізді дұрыс тануы үшін турникеттен өтерде бас киімді, күннен қорғайтын көзілдірікті, медициналық масканы шешіп қою керек.

Турникеттен тек бір адам өтуі тиіс — екеу не одан көп адам қатар өтпеңіз.

Face Pay қолдануда туындауы мүмкін келеңсіз жайттар

Егер жүйе бетіңізді танып, турникет ашылғанымен, сіз үлгермей қалып, ол қайта жабылса, келесі өту мүмкіндігі тек 10 минуттан кейін ғана беріледі. Бұл жағдайда жолақы қайтадан алынып, қосарланған төлем орын алуы мүмкін.

Тағы бір ескерер жайт: егер Face Pay қызметін қосқаннан кейін жетонмен, банктік картамен немесе «Оңай» картасымен төлем жасап, сол сәтте Face Pay орнатылған турникеттен өтсеңіз, екі төлем қатар жүреді , яғни Face Pay жүйесі де өз төлемін жасайды.

Halyk Bank ресми сайтында берілген мәліметке сай, Face Pay жүйесін іске қосқан жолаушылар метро турникетінен өткенде қосымша жетон, банк картасы немесе “Оңай” картасын қолданбауы тиіс. Жолақысы бет-әлпетті тану жүйесі арқылы автоматты түрде алынады.

Ал бонус қалай алынады?

3 маусым мен 31 шілде 2024 жыл аралығында Face Pay арқылы жолақы төлеген жолаушыларға 100% бонус қайтарылады.

Бонус беру шарттары:

Әрбір төлемге – 100 бонус есептеледі.

Бонус есептелу үшін төлем мөлшері кем дегенде 100 теңге болуы тиіс.

Бір клиентке айына ең көп дегенде – 3000 бонус беріледі.

Алматылықтар метро ақысын енді бет-әлпет арқылы төлей алады

Бірақ мынадай ерекшеліктер де бар:

Сыйлық карталары, корпоративтік немесе арнайы есепшоттарға тіркелген карталармен жасалған төлемдерге бонус берілмейді.

Егер төлем қайтарылса, оған сәйкес берілген бонустар да шегеріледі. Күдік тудырған операциялар анықталған жағдайда банк өз қалауымен бонус беруді тоқтатуға немесе қайтаруға құқылы.