Home Технологиялар Ғаламтор және желі Алматыда «BilimHack Almaty-2026» студенттік хакатоны өтті

Алматыда «BilimHack Almaty-2026» студенттік хакатоны өтті

42

Алматы қаласында колледж студенттері арасында «BilimHack Almaty-2026» қалалық хакатоны ұйымдастырылды. Ауқымды іс-шараға техникалық және кәсіптік білім беру ұйымдарының 72 командасы қатысып, екі жүзден астам студент өз жобаларын ұсынды.

Хакатонның негізгі мақсаты — колледж студенттерінің цифрлық құзыреттерін дамыту, қолданбалы инновациялық бастамаларды қолдау және қазіргі экономиканың талаптарына сай кәсіби дағдыларды қалыптастыру.

Жоба Жұмысшы мамандықтары жылы аясында жүзеге асырылып, Мемлекет басшысы жариялаған Цифрландыру және жасанды интеллект жылымен үндестіре ұйымдастырылды. Хакатон форматында студенттер әртүрлі мамандық өкілдерінен құралған топтарда жұмыс істеп, нақты өндірістік әрі әлеуметтік міндеттерді шешуге бағытталған технологиялық жобалар әзірледі.

Екі күнге созылған жұмыс барысында қатысушылар білім беру үдерісін жетілдіруге арналған бастамалар, кәсіби бағдарлау сервистерін дамыту, инклюзивті цифрлық платформалар құру және оқу жүйесіне жасанды интеллект элементтерін енгізу бағытындағы жобаларды таныстырды.

Іріктеу кезеңінің қорытындысы бойынша сарапшылар алқасы финалға өткен 40 команданы анықтады. Ұсынылған жобалар инновациялық деңгейі, техникалық іске асыру мүмкіндігі, практикалық маңызы және кең ауқымда қолдану әлеуеті бойынша бағаланды. Хакатон барысында студенттер IT-компаниялардың өкілдерімен кәсіби байланыс орнатып, жобаларды әрі қарай дамыту және тағылымдамадан өту мүмкіндіктерін талқылады.

«BilimHack Almaty-2026» студенттердің инновациялық бастамаларын қолдауға және техникалық білім беру жүйесінде цифрлық шешімдерді дамытуға ықпал ететін маңызды алаңға айналды.