Қытайлық Alibaba компаниясы жасанды интеллектінің жаңа нұсқасы — Qwen 2.5-Max моделін таныстырды. Компания өкілдерінің айтуынша, бұл модель бұған дейін жоғары бағаланып келген, DeepSeek-V3 моделін артта қалдырды. Qwen 2.5-Max — тек көпфункциялы чат-бот қана емес, сонымен қатар әртүрлі бейнемазмұндар мен суреттер жасауға мүмкіндік беретін қуатты құрал.
Alibaba-ның бұл өнім туралы жариялаған хабарламасында, жаңа модельдің GPT-4, DeepSeek-V3 және Llama-3.1-405B сияқты танымал жасанды интеллект модельдерінен жоғары екенін атап өткен. Бұл ақпарат компанияның WeChat желісіндегі ресми парақшасында жарияланып, OpenAI мен Meta-ның ашық коды ең үздік модельдеріне сілтеме жасалған.
2024 жылдың 10 қаңтарында DeepSeek-V3 моделіне негізделген DeepSeek жасанды интеллектісі таныстырылып, 20 қаңтарда оның R1 моделінің шығуы Кремний алқабында үлкен толқу тудырды. Қытайлық стартаптың әзірлеу мен эксплуатацияға жұмсалған шығындары аз болғандықтан, инвесторлар АҚШ-тағы жетекші жасанды интеллект компанияларының жоғары қаржылық шығындарына күмәндана бастады.
Дегенмен, DeepSeek жетістігінен кейін Қытайдағы бәсекелестер өздерінің жасанды интеллект модельдерін жақсартуға кірісті. DeepSeek-R1 шыққаннан екі күн өткен соң, TikTok әлеуметтік желісінің иесі ByteDance өзінің жаңа ЖИ моделін таныстырып, оны Microsoft қолдайтын OpenAI o1 моделінен АІМЕ тестінде озық деп жариялады. Бұл тест ЖИ модельдерінің күрделі нұсқауларға қаншалықты дұрыс жауап беретінін анықтайды.
DeepSeek жақында Janus-Pro-7B атты жаңа моделін шығарды. Бұл модель мен DeepSeek чат-боты Nvidia компаниясының құнын 600 миллиард доллардан астам төмендетіп, АҚШ-тың жеке компанияларының құны бір күнде 1 триллион доллардан астам азайды. Сонымен қатар, 27 қаңтарда кибершабуылға ұшыраған DeepSeek қосымшасы тіркеулерді уақытша тоқтатуға мәжбүр болды. Бұл оқиға технологиялық компаниялардың акцияларының құлдырауына және криптовалюта бағаларының өзгеруіне әкелді. Қазіргі таңда DeepSeek қосымшасы Apple App Store-да ең көп жүктелген тегін қосымшалар қатарында бірінші орынға шығып, Google Play-де де жоғары орынға ие.