Home Сараптама Алатауда 53 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

Алатауда 53 инвестициялық жоба жүзеге асырылады

21

Жаңа Алатау қаласында жалпы құны шамамен 2 трлн теңгені құрайтын 53 инвестициялық жобаны жүзеге асыру, 51 мың жаңа жұмыс орнын ашу және қаланы басқарудың озық цифрлық шешімдерін енгізу көзделіп отыр. Бұл және өзге де жоспарлар Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төрағалығымен өткен Алатау қаласы кеңесінің отырысында таныстырылды.

Үкімет басшысының айтуынша, 1 шілдеден бастап күшіне енген Конституцияға енгізілген өзгерістер ауқымды экономикалық жаңғыруларды жүзеге асыруға құқықтық негіз қалыптастырды. Осыған байланысты Alatau City жобасы елдің экономикалық өсіміне серпін беретін негізгі бастамалардың біріне айналуы тиіс.

Олжас Бектенов Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Alatau City жобасы экономикалық дамудың маңызды қозғаушы күштерінің бірі болуы қажет екенін атап өтті. Осыған орай Алатау қаласы кеңесінің басты міндеті – арнайы құқықтық режимнің тиімді әрі уақтылы іске асырылуын қамтамасыз ету.

Alatau City Authority ұйымының бас атқарушы директоры Әлішер Әбдіқадыровтың мәліметінше, қазіргі уақытта жобаның нормативтік-құқықтық базасы әзірленіп, мемлекеттік басқарудың заманауи үлгісі қалыптастырылып жатыр. Сонымен қатар инвестиция тарту, жобаларды сүйемелдеу жұмыстары жүргізілуде. Бұған қоса, Ынтымақ, Қоянқұс, Жетіген, Жаңадәуір және Жаңаталап шағынаудандарында инженерлік және көлік инфрақұрылымын дамыту жалғасып жатыр.

2026 жылдың соңына дейін қаланы 2055 жылға дейін дамытудың ұзақ мерзімді жоспарын, 2040 жылға дейінгі даму стратегиясын және бас жоспарды әзірлеу көзделген. Бұл жұмысқа халықаралық консалтингтік ARUP және BCG компаниялары тартылған.

Жоба аясында заманауи технологияларды қолдануға басымдық беріліп отыр. K-Smart City бастамасы Оңтүстік Кореяның тәжірибесіне сүйене отырып, аумағы 330 гектар болатын пилоттық аудан құруды және онда ақылды қалалық шешімдерді енгізуді қарастырады. Ал Alatau AI-Driven City тұжырымдамасы қаланың цифрлық моделін, үлкен деректерді талдау технологияларын және жасанды интеллект мүмкіндіктерін пайдалану арқылы инженерлік әрі қалалық инфрақұрылымды нақты уақыт режимінде басқаруға бағытталған. Сонымен қатар Alatau Crypto City жобасы аясында Web3 экожүйесін дамыту және активтерді токендеу бағытындағы жобаларды іске қосу жоспарланып отыр.

Alatau City Authority дерегіне сәйкес, жалпы құны 2 трлн теңгені құрайтын 53 инвестициялық жоба іріктелген. Бұл бастамаларды жүзеге асыру нәтижесінде 51 мың жаңа жұмыс орны ашылады деп күтіледі. Ірі жобалардың қатарында құны 1 млрд АҚШ долларынан асатын Iconic Complex көпфункционалды кешенінің құрылысы, PepsiCo, Mars және Hyundai Green Food компанияларының өндіріс орындарын іске қосу, Khan Tengri Biopharma биофармацевтикалық зауытын салу, AutoFlight және Joby компанияларымен бірлесіп қалалық әуе көлігі жүйесін дамыту, сондай-ақ Оңтүстік Кореядағы KAIST университетінің кампусын ашу бар.

Биылғы жылдың соңына дейін активтерді токендеуге қатысты алғашқы жобаларды іске қосу, арнайы аймаққа қатысушыларды тарту және виртуалды экономика мен нақты экономикалық қызметті өзара байланыстыратын бірыңғай орта қалыптастыру жоспарланған.

Айсұлу Басенова

Дереккөз: 365info.kz

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.