Home Технологиялар Ғаламтор және желі Алғабаста алғаш рет қоғамдық Wi-Fi іске қосылды

Алғабаста алғаш рет қоғамдық Wi-Fi іске қосылды

34

Ақмола облысындағы Алғабас ауылында алғаш рет OneWeb спутниктік жүйесі арқылы қоғамдық Wi-Fi желісі пайдалануға берілді. Жаңа қызмет Қазақстанның Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігі жүзеге асырып отырған «Қолжетімді интернет» ұлттық жобасы аясында іске қосылды.

Жоба тұрғындары аз елді мекендерді жоғары жылдамдықтағы интернетпен қамтамасыз етуге бағытталған. Мұндай жерлерде талшықты-оптикалық желіні тарту немесе базалық станция орнату мүмкін емес немесе тым қымбатқа түседі. Геостационарлық емес спутниктерді пайдалану ауыл тұрғындарына жылдам интернетке қол жеткізуге мүмкіндік береді.

Барлығы 504 ауылды осы технологияға қосу жоспарланып отыр. Оның ішінде 176 ауыл KazSat спутниктері арқылы желіге қосылған, ал 328 ауыл OneWeb жүйесі арқылы интернетпен қамтамасыз етіледі. Алғабас ауылында Wi-Fi іске қосылуы — бастаманың алғашқы тәжірибелік жүзеге асуы болып отыр.

«Бұрын байланысымыз мүлдем болмаушы еді. Телефон соғу үшін ауылдан бірнеше шақырым жердегі тауға шығу керек болатын. Енді интернет пайда болды, туыстарымызбен сөйлесе алдық», – деп Алғабас тұрғыны Ботагоз Хусаинова деп өз әсерімен бөлісті.

Жаңа Wi-Fi ауыл тұрғындарына онлайн білім алуға, электронды мемлекеттік қызметтерді пайдалануға және еркін қарым-қатынас жасауға мүмкіндік береді. Бұл шағын ауылдың өмірін заманауи әрі ыңғайлы етеді.