Home Технологиялар Ғаламтор және желі Адам миымен жұмыс істейтін алғашқы биокомпьютер іске қосылды

Адам миымен жұмыс істейтін алғашқы биокомпьютер іске қосылды

7

Еуропада адам миының жасушалары мен кремний чиптері біріктірілген жаңа буын компьютер жүйесі таныстырылды.

Австралияның Cortical Labs компаниясы адам миының тірі жасушалары мен кремний чиптерін біріктіретін әлемдегі алғашқы биологиялық компьютер — CL1 құрылғысын жасап шығарды. Жаңа технология Синтетикалық Биологиялық Интеллект (SBI) деп аталады. Ресми таныстырылымы 2025 жылдың 2 наурызында Барселонада өтті. Компания бұл жүйені 2025 жылдың екінші жартысында ғылыми және коммерциялық мақсатта пайдалануға ұсынбақ.

CL1 адамның дің жасушаларынан өсірілген 800 мың нейроннан тұрады және олар кремний чиптерімен біріктірілген. Бұл ерекше желі адам миы секілді жаңа байланыстар құрып, өзін-өзі үйрете алады.

Жаңа жүйенің басты ерекшелігі – оның қуат тұтыну тиімділігі. CL1 небәрі 20 Вт энергия жұмсайды, бұл адамның миы пайдаланатын қуатқа тең, әрі қазіргі жасанды интеллект жүйелеріне қарағанда жүздеген есе аз.

CL1 технологиясы медицина саласында төңкеріс жасауы мүмкін. Ғалымдар оны ми қызметін зерттеу, дәрілерді сынау және жеке емдеу әдістерін дамыту үшін қолдануды жоспарлап отыр. Сондай-ақ, бұл жүйе робототехникада да кеңінен пайдаланылуы ықтимал. Мамандардың пікірінше, Синтетикалық Биологиялық Интеллект көмегімен қоршаған ортаға бейімделе алатын, жылдам үйренетін роботтар жасауға болады.

Cortical Labs биологиялық нейрондарды қолдану идеясын 2022 жылы алғаш рет сынақтан өткізген еді. Ол кезде компанияның DishBrain жүйесі 800 мың нейронның көмегімен “Pong” ойынын небәрі бес минут ішінде меңгеріп, өз мүмкіндігін дәлелдеген еді.

CL1 – адам миының жасушалары қолданылатын алғашқы коммерциялық биокомпьютер. Дегенмен, бұл технологияның толық мүмкіндігі әлі зерттелу үстінде. Сарапшылар мұндай жүйелердің сананың пайда болуына алып келуі мүмкін бе деген маңызды сұрақты талқылап жатыр. Қалай болғанда да, биология мен электрониканы біріктіру саласында жаңа дәуір басталды деуге негіз бар.