Home Кәсіби маман Аналитика АҚШ пен Ұлыбритания қазақстандық цифрлық өнімдерге қызығушылық танытты

АҚШ пен Ұлыбритания қазақстандық цифрлық өнімдерге қызығушылық танытты

8

Қазақстанның IT өнімдері мен қызметтері Нидерланд, АҚШ және басқа да мемлекеттерде жоғары сұранысқа ие болып отыр. Алдағы жылдары ел жасанды интеллект бағытында ондаған миллиард доллар табыс табуды жоспарлап отыр. Бұл туралы Цифрлық даму министрлігінде хабарланды.

Ұлттық банктің дерегінше, 2025 жылдың алғашқы тоқсанында IT өнімдері мен қызметтерінің экспорты 252,99 миллион долларды құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 69,6 пайызға артық. 2021 жылдан 2024 жылға дейін бұл көрсеткіш 11,5 есеге өсіп, 690,7 миллион долларға жеткен.

Министрліктің мәліметінше, экспорттың негізгі бағыттары – АҚШ, Біріккен Араб Әмірліктері, Кипр, Ресей, Нидерланд, Ұлыбритания, Германия және Өзбекстан. Сарапшылардың айтуынша, шетелдік нарықтарда қазақстандық цифрлық өнімдерге деген сенім артып келеді. Бұл – отандық IT саласының халықаралық деңгейде бәсекеге қабілетті екенін көрсетеді.

Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымының (ЭЫДҰ) бағалауынша, жасанды интеллект еңбек өнімділігін жыл сайын 0,5–3,5 пайызға дейін арттыра алады.

«Қазақстан үшін бұл көрсеткіш 2033 жылға қарай ішкі жалпы өнімге ондаған миллиард доллар қосымша табыс әкелуі мүмкін. Яғни жасанды интеллект ел экономикасының жеке саласы ғана емес, тұтас индустрия мен қызмет көрсету секторын алға жылжытатын негізгі күшке айналуда», – деді министрлік өкілдері.

Мақсатқа жету үшін елде AlemAI халықаралық орталығы іске қосылды. Сонымен қатар алғашқы ұлттық суперкомпьютер пайдалануға берілді. Ел мектептерінде жасанды интеллект негіздері оқытыла бастады, ал AI People, TUMO, AI Qyzmet сияқты білім беру бағдарламалары, Industrial AI мен AI’preneurs индустриялық акселераторлары және «Цифрлық штаб» жобасы белсенді жүзеге асырылуда.