Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, соңғы үш жылда Қазақстанда интернет-алаяқтық деректері 40 пайызға азайған. Ал мұндай қылмыстардың ашылу көрсеткіші 29,9 пайызға өскен.
«Жәбірленушілерге миллиардтаған теңге қайтарылды. Ұлттық банктің Антифрод-орталығының көмегімен 117 миллиард теңгеден астам қаражат бұғатталды. Дропперлік үшін қылмыстық жауапкершілік енгізілді», – деп хабарлады ведомство.
Ішкі істер министрлігі қазақстандықтардың жеке деректерін қорғау Конституция деңгейінде бекітілгенін атап өтті. Сондай-ақ елде медициналық, банктік және басқа да маңызды мәліметтер сақталатын дерекқорларға қол жеткізу үшін міндетті биометриялық сәйкестендіру енгізілген.
«Ұйымдар деректердің таралып кеткені туралы азаматтарға хабарлауға міндетті. Еңбек кодексіне қызметкерлерді кибергигиена қағидаларына үйрету жөніндегі нормалар енгізілді. Ал аса маңызды нысандардың қорғалуын бақылау Ұлттық қауіпсіздік комитетіне берілді», – деп мәлімдеді Ішкі істер министрлігі.
Қазақстандықтар киберқауіпсіздігін нығайту үшін бірнеше тегін онлайн қызметті пайдалана алады.
– eGov Mobile қосымшасындағы «Стопкредит» сервисі азаматтарға өз еркімен несие алудан бас тартуға мүмкіндік береді. 2026 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша бұл қызмет 6,3 миллион рет пайдаланылған.
– eGov порталындағы деректерге қол жеткізуді басқару қызметі жеке деректерді өңдеуге берілген келісімдерді тексеруге және қажет болған жағдайда оларды қайтарып алуға мүмкіндік береді.
– NomadGuard сервисі деректердің таралып кетуін және фишинг әрекеттерін анықтауға көмектеседі.
– eGov пен CitizenSec платформасындағы курстар азаматтардың киберсауаттылығын арттыруға бағытталған.
Ішкі істер министрлігі азаматтарды SMS арқылы келетін растау кодтары мен құпиясөздерді ешкімге бермеуге, сілтемелердің қауіпсіздігін тексеруге және екі факторлы аутентификацияны қосуға шақырады.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












