Home Технологиялар Киберқауіпсіздік Смартфонды алаяқтардан қорғаудың 10 жолы

Смартфонды алаяқтардан қорғаудың 10 жолы

12

Қазіргі кезде смартфон күнделікті өмірдің ажырамас бөлігіне айналды. Оны банк қосымшаларына, электрондық поштаға, әлеуметтік желілерге және басқа да цифрлық қызметтерге кіру үшін пайдаланамыз. Сонымен қатар құрылғыда жеке мәліметтер мен қаржылық ақпарат сақталуы мүмкін. Сондықтан смартфонды қорғап, қауіпсіздік баптауларын үнемі тексеріп отырған жөн. Смартфон қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін қандай баптауларға назар аудару керегін Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) баспасөз қызметі түсіндірді.

1. Экранды сенімді құлыптау тәсілін қолданыңыз.

Экранды қорғау үшін күрделі PIN-код немесе құпиясөз орнатып, саусақ ізі не бет-әлпетті тану сияқты биометриялық сәйкестендіру әдістерін пайдаланыңыз. Туған күнді, қайталанатын сандарды немесе оңай табуға болатын сандар тізбегін құпиякод ретінде қолданбаңыз.

2. Экранның автоматты түрде құлыпталуын қосыңыз

Экранның автоматты түрде құлыпталатын уақытын қысқа етіп орнатыңыз. Сондай-ақ экран құлыптаулы кезде хабарламалардың мәтіні мен басқа да құпия ақпараттың көрінуін өшірген жөн.

3. Құрылғының орналасқан жерін анықтау қызметін қосыңыз

Android жүйесінде Find My Device («Құрылғыны табу»), ал iPhone құрылғыларында Find My («Локатор») қызметін пайдаланыңыз. Бұл функцияның қосулы екенін және жеке есептік жазбаңызға байланыстырылғанын тексеріңіз. Құрылғы жоғалған жағдайда оның орналасқан жерін анықтап, қашықтан құлыптауға немесе қажет болса, ішіндегі деректерді өшіруге болады.

4. Жүйе мен қосымшаларды уақытылы жаңартыңыз

Операциялық жүйе мен қосымшалардың жаңартуларын кешіктірмей орнатыңыз. Олар қауіпсіздік осалдықтарын түзетуі мүмкін. Автоматты жаңарту мүмкіндігі болса, оны қосып қойған дұрыс.

5. Қосымшалардың қолжетімділік құқықтарын тексеріңіз

Қосымшалардың микрофонды, камераны, орналасқан жерді анықтау қызметін, контактілерді, фотосуреттерді, файлдарды, SMS-хабарламаларды және басқа да құрылғы мүмкіндіктерін пайдалану рұқсаттарын үнемі тексеріп отырыңыз. Қосымшаның жұмысына қажет емес рұқсаттарды алып тастаңыз.

6. Қосымшаларды тек ресми дүкендерден жүктеңіз

Қосымшаларды Google Play және App Store дүкендерінен орнатыңыз. SMS хабарламалардағы, мессенджерлердегі, электрондық поштадағы сілтемелер немесе белгісіз сайттар арқылы қосымша жүктемеңіз. Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің мамандары қосымшаны қандай да бір төлем алу, банк шотын қорғау, құжаттарды тексеру немесе техникалық көмек көрсету сылтауымен орнатуды ұсынса, ерекше сақ болу керегін ескертеді.

7. Екі факторлы аутентификацияны қосыңыз

Электрондық пошта, әлеуметтік желілер, бұлттық сервистер және басқа да маңызды есептік жазбалар үшін екі факторлы аутентификацияны пайдаланыңыз. Әсіресе Google немесе Apple жүйесіндегі негізгі есептік жазбаңызды қорғауға мән беріңіз. Өйткені сол есептік жазбалар арқылы смартфонда сақталған көптеген дерекке қол жеткізуге болады. Мүмкіндік болса, растау үшін арнайы аутентификация қосымшасын немесе аппараттық қауіпсіздік кілтін пайдаланыңыз.

8. Деректердің сақтық көшірмесін тексеріңіз

Маңызды деректердің сақтық көшірмесін жасау қызметі қосулы екеніне көз жеткізіңіз. Сақтық көшірмелер сақталатын есептік жазба да күрделі құпиясөзбен және екі факторлы аутентификация арқылы қорғалуы керек.

9. Сымсыз байланыс қосылымдарының қауіпсіздігін қадағалаңыз

Белгісіз Wi-Fi желілеріне қосылмаңыз және өзіңіз танымайтын Bluetooth құрылғыларымен байланыс орнатуға рұқсат бермеңіз. Қоғамдық Wi-Fi желілерін пайдаланғанда құпия мәліметтерді енгізбеңіз және аса қажет болмаса, қаржылық операциялар жасамаңыз.

10. Арнайы қолжетімділік құқықтары берілген қосымшаларды тексеріңіз

Android жүйесінде кейбір қосымшаларға арнайы мүмкіндіктерді пайдалану, белгісіз көздерден қосымшалар орнату және басқа терезелердің үстінен ашылу сияқты кеңейтілген рұқсаттар берілуі мүмкін. Мұндай рұқсаттарды тек сенімді әрі жұмысына шынымен қажет қосымшаларға ғана беріңіз. Кеңейтілген құқықтары бар белгісіз қосымшаларды тексеріп, қажет болса, құрылғыдан өшіріңіз.

Бұған қоса, пайдаланылмайтын қосымшаларды жойып, құрылғыға орнатылған бағдарламалар тізімін және есептік жазбаларға кірген белсенді сеанстарды тексеріп отырған жөн. Белгісіз құрылғылардағы сеанстарды аяқтап, SMS хабарламалар мен жүйелік ескертулер арқылы келген растау кодтарын бөгде адамдарға бермеңіз. Сондай-ақ бейтаныс адамдардың өтініші бойынша қосымша орнатпаңыз және смартфонды қашықтан басқару мүмкіндігін ұсынбаңыз.

Банктердің, мемлекеттік органдардың және басқа ұйымдардың қызметкерлері азаматтардан SMS хабарламаларға немесе жүйелік ескертулерге келген растау кодтарын сұрамауға тиіс.

Агенттік мамандары смартфон қауіпсіздігі бір ғана баптауға байланысты емес екенін еске салады. Құрылғыны қорғауға арналған қарапайым шараларды қатар қолдану жеке деректерді, есептік жазбалар мен ақшаны қауіпсіз сақтауға көмектеседі. Тіпті ең заманауи қорғаныс құралдары да пайдаланушының сақтығы мен мұқияттылығын алмастыра алмайды.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.