Норвегия үкіметі қоғамдық орындарда ақылды көзілдірікті пайдалануға уақытша тыйым салуды жоспарлап отыр. Шектеу саябақтарға, жағажайларға, музейлерге, сауда орталықтарына, мектептер мен балабақшаларға, медициналық мекемелерге, спорт залдарына және көпшілік қатысатын іс-шараларға қатысты болуы мүмкін.
«Жұрттың өзін еркін сезінетін қоғамдық орындарда жасырын фотоға немесе бейнежазбаға түсіріп алуы мүмкін деп алаңдап жүргенін қаламаймыз», – деді Норвегияның цифрландыру және мемлекеттік басқару министрі Торгейр Микаэльсен.
Заң жобасын азшылық үкіметін басқарып отырған Еңбек партиясы ұсынды. Құжатты мүмкіндігінше тезірек парламентке енгізу жоспарланған. Алайда оны қабылдау үшін басқа саяси күштердің қолдауы қажет. Бұл бастама Еуропада ақылды көзілдіріктерді, әсіресе Meta компаниясының құрылғыларын пайдалануға қатысты алаңдаушылық күшейген тұста көтеріліп отыр.
Бұған дейін Франциядағы балалардың құқықтарын қорғаумен айналысатын e-Enfance ұйымы әйелдерді келісімінсіз түсіруге қатысты шамамен 20 жағдайды тіркеген. Кейбір бейнежазбалар кейін әлеуметтік желілерде жарияланып, әйелдердің мазаққа ұшырауына және қорлайтын пікірлердің жазылуына себеп болған. Қазір бұл оқиғаларды Париж прокуратурасы тергеп жатыр.
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












