Home Технологиялар Ғаламтор және желі Nvidia басшысы жасанды интеллектінің адамзатқа қауіп төндіруі туралы болжамды жоққа шығарды

Nvidia басшысы жасанды интеллектінің адамзатқа қауіп төндіруі туралы болжамды жоққа шығарды

14

Жасанды интеллектінің 2030 жылға қарай адамзаттың жойылуына әкелу ықтималдығы нөлге тең. Мұндай болжамдардың ғылыми негізі жоқ әрі нақты деректерге сүйенбейді. Бұл туралы Nvidia корпорациясының бас директоры Дженсен Хуанг мәлімдеді, деп жазады The Guardian.

Әлемдегі ірі микрочип өндіруші компаниялардың бірінің басшысы технологиялық апаттың жақын арада орын алуы мүмкін деген пікірлерді үзілді-кесілді жоққа шығарды. Бұған Anthropic компаниясының бұрынғы қызметкері Джейкоб Коксонның мәлімдемесі себеп болды. Ол алдағы он жыл ішінде өркениетті жойып жіберуге қабілетті аса жоғары деңгейдегі зияткерлік жүйелердің пайда болу мүмкіндігіне алаңдаушылық білдірген.

«2030 жылға қарай адамзаттың жойылып кетуі мүмкін деген болжамның негізі жоқ. Мұндай жағдайдың орын алу ықтималдығы нөлге тең. Адамдарды орынсыз үрейлендірудің қажеті жоқ. Мұндай пікірлерге жол беруге болмайды», – деді Хуанг CBS News арнасына берген сұхбатында.

Бірқатар зерттеушілердің ескертулері халықаралық деңгейде кең пікірталас туғызып, жасанды интеллект саласындағы әзірлемелерге мемлекеттік бақылауды күшейту мәселесін қайта күн тәртібіне шығарды. The Guardian басылымының мәліметінше, АҚШ заң шығарушылары технологиялық корпорацияларға қатысты сын-пікірін күшейте түскен. Сонымен қатар Anthropic компаниясы жасанды интеллектінің ықтимал қатерлеріне арналған есеп жариялады. Құжатта қылмыстық мақсаттағы тұлғалар, мемлекеттер қаржыландыратын топтар мен үгіт-насихат жүргізушілер қуатты тілдік модельдерді қару-жарақ әзірлеу, қауіпті биологиялық агенттер жасау және қарсыластарына бақылау жүргізу мақсатында пайдалануға әрекет жасағаны егжей-тегжейлі баяндалған.

Тәуекелдер артып отырған жағдайда технологиялық сектордың бірқатар жетекшілері, соның ішінде Anthropic басшысы Дарио Амодеи, OpenAI жетекшісі Сэм Альтман және кәсіпкер Илон Маск ауқымды жасанды интеллект модельдерін әзірлеу қарқынын бәсеңдету қажеттігін бірнеше рет айтқан. Ал Дональд Трамп мұндай алаңдаушылықты негізсіз деп бағалап, технологиялық әзірлемелерді жасанды түрде шектеу АҚШ-тың технологиялық көшбасшылығын Қытайға беруі мүмкін екенін мәлімдеді. Осы жағдайда АҚШ қаржы министрі Скотт Бессент Вашингтон мен Бейжіңнің жасанды интеллект саласындағы қауіпсіздік қатерлері туралы жедел ақпарат алмасуға мүмкіндік беретін бірлескен тетік құруды жоспарлап отырғанын хабарлады.

Nvidia басшысы жасанды интеллектінің адамзатқа жойқын әсер етуі мүмкін деген болжамдардың ғылыми негізі жоқ екенін атап өтті. Оның пікірінше, технологиялық сала ең алдымен қолданыстағы киберқауіпсіздік талаптары мен заң алдындағы жауапкершілік қағидаттарына сүйенуі керек.

«Компаниямыздың табысы өнімдеріміз бен қызметтеріміздің қауіпсіз қолданылуына тікелей байланысты. Егер осы талапты елемесек, компанияның нарықтағы маңызы төмендейді. Киберқауіпсіздік саласында ескеруді қажет ететін түрлі қатер бар. Сондықтан ең алдымен қолданыстағы қауіпсіздік талаптарын сақтау керек. Адамзатты үлкен қауіп күтіп тұрғаны туралы болжамдар ешкімді қолданыстағы заңдарды орындау міндетінен босатпауы тиіс», – деді компания басшысы.

Дереккөз: The Guardian.

Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.