Жапониялық технологиялық алпауыт GMO Internet Group елде алғаш рет гуманоид роботтарға жол бойында техникалық көмек көрсететін арнайы қызметті таныстырды. Жақын арада роботтарға арналған бұл жылжымалы қызмет Токио көшелерінде жұмыс істей бастайды. Арнайы жабдықталған фургон бұзылған робот тұрған жерге инженерлерді, жөндеу құралдарын, қосалқы бөлшектерді және қажет болған жағдайда оны алмастыратын басқа гуманоид роботты жеткізеді.
Егер ақауды сол жерде жөндеу мүмкін болмаса, робот жөндеу орталығына жеткізіледі. Ал оның орнына әкелінген қосалқы робот тұтынушыда уақытша пайдалануға қалдырылады. Фургон толықтай автономды емес, сондай-ақ бір робот екіншісін өздігінен жөндей алмайды. Осылайша, жаңа қызмет заманауи роботтық технологияларды дәстүрлі техникалық қызмет көрсету тәсілдерімен ұштастырады. Мысалы, екі гуманоид робот тазалық жұмыстарын атқаратын қонақүйді елестетіп көрейік. Егер олардың бірі жұмыс ауысымы басталған кезде істен шықса, оны жөндеу орталығына жіберу қонақүй иесін бірнеше күндік жұмыс уақытынан айыруы мүмкін. Жаңа қызмет бұл үдерісті едәуір жеделдетуге мүмкіндік береді. Инженерлер мен қажетті бөлшектер ақау шыққан жерге жеткізіліп, мамандар роботтың жағдайын сол жерде тексереді. Ақауды жою мүмкін болса, жөндеу жұмысы жүргізіледі, ал күрделі жөндеу қажет болған жағдайда істен шыққан роботтың орнына уақытша басқа робот қалдырылып, ақаулы құрылғы жөндеу орталығына әкетіледі.
Гуманоид роботтар күнделікті өмір мен өндірістің ажырамас бөлігіне айналған жағдайда, мұндай қызмет көрсету үлгісінің маңызы арта түспек. Кәсіпорындардың жұмысы роботтардың үздіксіз қызметіне тәуелді болған кезде олардың істен шығуын жедел жою, оқиға орнына техникалық мамандарды жеткізу және қосалқы бөлшектермен қамтамасыз ету өзекті мәселеге айналады. GMO Air басшылығының мәліметінше, бұл жоба бұған дейінгі тәжірибеге сүйеніп әзірленген. Бұған дейін ақауға ұшыраған роботтарды жөндеу үшін арнайы орталықтарға жіберуге тура келіп, соның салдарынан олардың жұмысында ұзақ уақыт үзіліс болған. Қазір Токиодағы компанияның бас кеңсесінде мұндай бір ғана арнайы көлік бар. Алайда сұраныс артқан жағдайда оның санын көбейту жоспарланып отыр.
Дереккөз: Humanoid
Қосымша материалдар мен сараптамалық шолуларды біздің Telegram арнамыздан оқуға болады.












